ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!
Әлеуметтік желілерде 2023 жылғы 9 сәуірде рұқсат етілмеген митингілерді өткізуге және қатысуға шақыру тарап жатыр.
Бас прокуратура мұндай акцияларды ұйымдастырып және оған қатысқаны үшін заңмен белгіленген жауапкершілік бар екенін бірнеше рет ескертті.
Қоғамдық тәртіпті, халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау – біздің басты басымдығымыз.
Сондықтан "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңның нормаларын сақтау қажеттілігіне және оларды бұзуға жол бермеуге тағы да назар аударамыз.
Бұқаралық жария іс-шаралар алдын ала хабардар етіле отырып және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмейтін шараларды қабылдай отырып, осы үшін арнайы бөлінген орындарда Жергілікті атқарушы органдардың рұқсатын ала отырып жүргізілуі тиіс.
Аталған нормалар сақталмаған жағдайда кез келген жария шақыру заңсыз деп танылады. Құқық бұзушыларға қатысты құқық қорғау органдары әкімшілік және қылмыстық-құқықтық шаралар қабылдайтын болады.
Мәселен, заң талаптарын бұза отырып өткізілетін митингілерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу (3-баптың 3-тармағы) заңсыз болып табылады және 25 тәулікке дейін қамауға алынатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
Осы әрекеттердің нәтижесінде елеулі залал келтіргені үшін кінәлілер Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл не түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түрінде қылмыстық жауаптылыққа тартылатын болады.
Осыған байланысты, Бас прокуратура қолданыстағы заңнаманың нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан, сондай-ақ оларға жария түрде шақырудан бас тартуға шақырады.