Жаңаөзенде болған жарылыстан кейін құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Құтқарушылар үйінділерден тағы үш адамды тірідей алып шықты. Олардың екеуі ересек адам болса, біреуі бала.
«Қазіргі жағдай бойынша құтқарушылар үйінділердің астынан 4 аман қалған адам мен 3 адамның денесін алып шықты. Құтқарылғандарды және медициналық көмекке жүгінгендерді қосқанда барлығы 8 адам ауруханаға жатқызылды», деді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Үйінділерді тазалау бойынша жедел жұмыстарға қырыққа жуық техника мен 350-ге жуық адам жұмылдырылды. Олардың қатарында құтқарушылар, оның ішінде кинологиялық есептоп, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық көмек, полиция, еріктілер бар.