Бүгінгі таңда біздің елімізде мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы жауапкершілікті бөлуді көздейтін базалық, міндетті және ерікті деңгейдегі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің көп деңгейлі моделі қалыптасты.
Қазақстан азаматтары әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде еңбек қызметін жүзеге асыру асырмауына қарамастан, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен базалық деңгейде әлеуметтік көмек алады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру 2005 жылдан бастап әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде енгізілді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін төлейтін бір ең төменгі жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5%-ы мөлшерінде төлейтін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптастырылады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне шамамен 6,6 млн. жұмыс істейтін азамат қатысады және миллионнан аса адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылу, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдерді алады.
Жұмыскер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы бола отырып, жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие болады.
Әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты жұмыскердің жалақысынан ұсталмай, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.
Жұмысынан айырылып, жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда Қордан жұмысынан айырылу бойынша тағайындалатын әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы үшін маңызды қолдау болып табылады. Жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан тағайындалады.
Маңғыстау облысы бойынша
Қор филиалының директоры У.Уркумбаев