Бүгін «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин «Жайлы мектеп» арнайы бағдарламасы бойынша салынып жатқан мектептер туралы жиын өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жоспар бойынша Маңғыстау облысында 21 мектеп салынады. Атап айтқанда, 13 мектеп 2024 жылы, ал қалған 8 мектеп 2025 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Жалпы бағдарламаның орындалуына 2,6 триллион теңге қаражат бөлінген.
Тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы 5 мектептің жеңімпазымен келісімшартқа отырған. Дегенмен әлі күнге дейін бірде-бір мектептің құрылысы басталмаған.
- Конкурсты ұйымдастырушы «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының түсініксіз әрекеті салдарынан мектептер 2024 - 2025 жылдар түгілі, 2026 жылы да пайдалануға берілмейтін түрі бар. Себебі әлі күнге дейін бірде-бір мектептің құрылысы басталмады. Биыл құрылысы басталуы тиіс 13 мектептің бесеуінде жеңімпаз анықталған, алайда, олардың қолында жобалық-сметалық құжаттары жоқ. Ал қалған сегіз мектептің тағдыры тіпті бұлыңғыр, - деді Самат Мұсабаев.
Жиын барысында депутаттар жұмысты жүйелендіру бойынша және жобалардың уақытылы тапсырылуын қамтамасыз ету бағытында ұсыныстарын жеткізді.