Ақтауда орналасқан амфитеатр жағалау алаңында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3502 әскери бөліміне көктемгі шақырылыммен келген 25 – ке жуық сарбаз ант қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери ант қабылдау шарасына әскери бөлімнің ардагерлері, бөлімнің әскери қызметшілері және сарбаздардың туған-туыстары қатысты. Әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Аскар Дайров әскери борышын өтеуге келген сарбаздар жауынгерлік курсынан абыроймен өтіп, бір ай ішінде әскери істің қыр-сырын меңгеріп үлгергенін атады. Ендігі кезекте еліне адал қызмет етемін деп әскери ант қабылдаған сарбаздар бір жыл бойы Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарып, мемлекеттік маңызды нысандарын күзететін болады.
"Отан алдындағы борышымды өтеуге Түркістан облысынан келдім. Бір ай ішінде әскери өмірден үйренгенім көп. Әскерге келу арқылы көптеген қарулас достар таптым. Бүгін міне Отан алдында адал қызмет етуге ант бердік. Ал бүгінгі әскери ант қабылдаған күн есімде мәңгі қалары сөзсіз", – дейді жас толым қатардағы Дарын Абатбек.
Сондай-ақ, сарбаздардың ата-аналары да балаларының әскери өмірге қадам басқанына куә болды.
«Бір жыл деген не? Біздің кезімізде әскер екі жыл болатын. Оның үстіне өз елімізде емес өзге елде қызмет атқарғанбыз. Еліне адал қызмет атқару әр азаматтың қасиетті борышы. Ұлым жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін әскерге барып, Отан алдындағы борышымды атқарып келемін деп шешті. Біз анасы екеуміз қарсы болмадық. Керісінше баламыздың осындай батыл қадамын қолдадық. Қазіргі армия баяғыдағыдай емес. Осында арнайы келіп, бәрін көрдім. Сарбаздарға қызмет атқаруға бүкіл жағдай жасалынған екен", - деді жас сарбаздың әкесі Серік Бейсембаев.
Ант қабылдау салтанатынан кейін жауынгерлердің ата-аналары әскери қызметтің барысымен, сарбаздардың асханаларымен, тұратын казармаларымен танысып, жас сарбаздардың алдағы қызметіне табыс тіледі.