1 шілде күні «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мусабаев Маңғыстау облысына іссапармен келді. Мәжіліс депутаттары алғашқы кездесуін МАЭК кәсіпорнынан бастап, ондағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кәсіпорын басшысы Жасұлан Сүйіншалиев атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарындағы негізгі мәселелерді айтып, оның себеп-салдарына тоқталды.
«№3 Жылу электр станциясында сәуір айындағы істен шыққан турбоблокта жөндеу жұмыстары басталған, генератор роторын КазЭнергоНаладкаға жіберу керек. Су тұшыту қондырғыларында су қыздырғыштарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. ДОУ-7, ДОУ-10 жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қосымша дистиллятың көлемі артпақ. Бұл жұмыстар уақытында аяқталады», - дейді дистиллят дайындау зауытының директоры А. Сардарбеков.
Кәсіпорын басшылары жөндеу жұмыстарын кестеге сәйкес бітіруге уәде берді.
Мәжілісмендер көрсетілген мәселелер бойынша тамыз айында тағы келіп, бекітілген кесте бойынша жөндеу барысын бақылауға алатындығын айтты.