Өмірзақ ауылына қарасты «Приозерный» тұрғын үй массивінде жаңа спорт кешені ашылды. Екі қабатты нысанда спорт зал, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, мәжіліс залы мен жаттықтырушыларға арналған бөлмелер бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорт кешені қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда бір мезгілде 120 бала спортпен шұғылдана алады.
-Баршаңызды қала әкімі Тналиев Ұлықбек Серікұлының атынан 25 қазан Республика күні мерекесімен құттықтаймын! Бұл спорт кешенінің құрылысы 2022 жылы бастау алып, бүгінгі күні ел игілігіне қолданысқа беріліп отыр. Спорт кешені жастарымыздың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортқа ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Жаңа спорт кешені құтты болсын! Қаламыздың намысын әлемдік деңгейде қорғайтын спортшыларымыз көбейе берсін, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Нұрпейісов.
Нысанның жанында футбол алаңы да салынған. Жауаптылардың айтуынша, спорт кешенінде үйірмелерін, атап айтқанда, футбол, волейбол, баскетбол, қазақ күресі және қыз балаларға арналған көркем гимнастика ашу жоспарлануда.
-Спорт кешенінің ашылуы ауыл тұрғындары үшін – қуанышты жаңалық. Барша ауыл тұрғындарын спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! Ауылымыздан мықты чемпиондар шықсын деп тілеймін!- деді тұрғын Қожамжар Ақтамбаев.
#republicday