«Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 29 мердігер ұйымы еңбек заңнамасының сақталуы, талап етілетін еңбек және санитарлық жағдай, өнеркәсіптік қауіпсіздік, медициналық көмек көрсету сапасы бойынша тексерілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жұмыс тобына сілтеме жасап.
- Компания басшылығы мен оның қызметкерлері арасындағы тиімді коммуникацияларға ерекше назар аударылды, әсіресе, еңбек ұжымымен кездесу, жеке мәселелер бойынша қызметкерлерді қабылдау және қызметкерлердің өтініштерін қарау бақыланды. Қазіргі уақытта ӨМГ мердігер компаниялары анықталған 448 бұзушылықты жою бойынша шаралар қабылдауда, делінген компания хабарламасында.
Қаржы-шаруашылық қызметті тексеру кезінде 160 бұзушылық анықталды, оның ішінде 118-і экономика және қаржы, сатып алу, адам ресурстарын басқару, тәуекелдерді басқару, өндіріс, ішкі коммуникациялар, қоршаған орта мен еңбекті қорғау, мердігер ұйымдарды басқару саласында.
Бүгінгі күні 37 бұзушылық бойынша «Өзенмұнайгаз» қызметкерлері мен мердігер компанияларға қатысты тәртіптік шаралар қабылданды. 20 бұзушылық қосымша тексерілуде, олардың қорытындысы бойынша тәртіптік шара қолдану туралы мәселе қаралуы мүмкін. Сондай-ақ анықталған 10 факт бойынша ӨМГ-де қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр.
– Осылайша біліктілікке қойылатын талаптарға сай болмай шыққан корпоративтік қауіпсіздік департаментінің басшысы мен қызметкерлері жұмыстан шеттетілді. Оған жоғары білім мен құқық қорғау органдарында жұмыс тәжірибесінің болмауы, теріс себептермен бұрын жұмыстан босатылу фактілері, соттылығы себеп болды. Ал «БерАли Мангистау Company» ЖШС-мен келісімшарт бойынша жасалған артық төлем, жұмысқа орналастыру кезіндегі заңсыздықтар, жұмысқа орналасу алгоритмінің бұзылуы, құжаттарды бұрмалау бойынша осыған дейін анықталған 7 факті құқық қорғау органдарына берілді,- делінген хабарламада.