Нұрлан Ноғаев Түпқараған ауданына жұмыс сапары барысында Таушық, Қызылөзен және Баутино ауылдарында болып, әлеуметтік нысандарды аралады және тұрғындардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен Нұрлан Ноғаев халық саны 3300-ден асатын Таушық ауылында болды. Мұнда тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен және сүт өнімдерін шығарумен айналысады.
Қазіргі таңда ауылда жалпы ұзындығы 17 шақырым газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жобаны 2023 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған, құбыр пайдалануға берілген соң 400-ден астам отбасыны газбен қамтамасыз ететін болады.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында биыл жеке дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі, онда УДЗ, ЭКГ түсуге, сондай-ақ тіс дәрігері қызметтерін алуға болады.
Әлеуметтік нысандармен танысқаннан кейін аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, ауыз сумен қамту, туризм, медициналық мекемелер және жолдарды қайта қалпына келтіру туралы сұрақтарға жауап берді.
Одан кейін облыс әкімі мыңға жуық тұрғыны бар Қызылөзен ауылында болды. Ауыл 100% электр энергиясымен және орталықтандырылған тұрмыстық газбен қамтамасыз етілген.
Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік, тұрғын үй, коммуналдық салалар және инфрақұрылымды дамыту бойынша сұрақтар қойды.
Сондай-ақ Нұрлан Ноғаев 3500-ден астам халқы бар Баутино ауылында болды. Мұнда 2022 жылы ауданы 750 шаршы метр болатын «Суло-Баутино» спорт кешені ашылды. Орталықта 200 адамға арналған фитнес-зал мен бассейн бар.
Өңір басшысымен кездесуде тұрғындар жұмыспен қамту, қоғамдық көліктердің жұмысын жақсарту сынды мәселелерін ортаға салды.
Ауыл тұрғындары жылдар бойы Таушық ауылынан Форт-Шевченко қаласына дейінгі жолды жөндеу қажеттігі туралы мәселені көтеріп келеді. Бұл мәселені шешу үшін 589 миллион теңге қарастырылған. Мердігерлер 39 шақырымдық жолды 2023 жылдың соңына дейін жөндеуді жоспарлап отыр.
Нұрлан Ноғаев мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы тұрақты диалог арқылы азаматтардың сұраныстарына жедел жауап бере алатын міндеттерді шешуде және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруда бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
- Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асурадамыз және азаматтардың сұраныстарын ескеріп қана қоймай, оларды шешу жолында қызмет атқарамыз. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біздің алдымызда тұрған барлық сын-қатерлерді біз мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы тұрақты және ашық диалог арқылы шешетін боламыз, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Кездесулерден соң өңір басшысы Нұрлан Ноғаев азаматтарды жеке қабылдады.