Мұнай компаниясының үздіксіз жұмыс істеуі үшін жыл сайын қажетті құрал-жабдықтың барлығы жүздеген миллиард теңгеге сатып алынады. Бірақ бұл өнім көбіне қазақстандық емес, шетелдік. Сәйкесінше, жаңа технологиялар, жұмыс орындары мен салықтар елден тыс қалады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кәсіпорындағы бұл жағдай туралы «Өзенмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Нұрдәулет Қилыбай өзінің Facebook парақшасында айтты.
«Жағдайды жақсартудың бірден-бір жолы – Жаңаөзенде өндіріс орындарын ашып, инвестиция тарту. Яғни, Жаңаөзенге бизнес өкілі келіп, жаңа өндіріс орындарын ашса, жергілікті жастар сонда жұмысқа орналасатын болса, «Өзенмұнайгаз» АҚ инвестормен бір көзден ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуға міндетті еді. Бірақ ол үшін «Самұрық-Қазына» қорының нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізіп, оны Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі бекітуі қажет. Төрт ай бойы әріптестерім елордадағы мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, ақыры қажетті құжат бекітілді. Бұл шешім Жаңаөзеннің ғана емес, Маңғыстаудың, бүкіл Қазақстанның экономикасына оң әсерін тигізері сөзсіз», – деп жазды Нұрдәулет Қилыбай.
Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу тәртібінің 73-бабының 1-тармағы 14-тармақшамен толықтырылды:
- Маңғыстау облысының немесе Жаңаөзен қаласының жергілікті атқарушы органдарының, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, тапсырыс беруші өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы ұсынған, Жаңаөзен қаласының аумағында осы тауарларды өндіруді ұйымдастыруға кепілдік беретін әлеуетті инвестордан (өнім берушіден) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Жаңаөзен қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркелген персонал саны кемінде 50 жұмыс орны бар тауарларды сатып алу әлеуетті инвесторды (өнім берушіні) іріктеу тәртібі мен критерийлері көрсетілуі тиіс.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ директорлар кеңесінің 2023 жылғы 29 тамыздағы №222 шешіміне сәйкес бұл норма 2023 жылғы 11 қыркүйектен бастап күшіне енді және 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
«Бұл бастаманы әу бастан құптап, оның бекітілуіне тікелей ықпал еткен облыс басшысы Нұрлан Ноғаевқа, қолдау көрсеткен «ҚазМұнайГаз» АҚ басшысына, компания басшылығындағы әріптестерге және осы процесті басынан аяғына дейін жүрген «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымына алғысымыз шексіз. Құрметті бизнес өкілдері, енді осыдан отыз жыл бұрын қабылдануы тиіс құжат мақұлданды, Жаңаөзенге келіп ақша салыңдар!» – деді «Өзенмұнайгаз» АҚ басшысы.