Биылғы маусымның басында «Каспий» сапына жалға алынған футболшы Талғат Қусяпов «Астанаға» қайта оралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
24 жастағы қорғаушы бұған дейін «Астана», «Оқжетпес» клубтарында ойнап, 2019 жылы «Каспий» клубына жалға берілген еді. Маңғыстаулық команда қатарында 24 ойын өткізген ол кейін қайтадан «Оқжетпеске» ауысқан болатын.
Ал 2021 жылы кезекті рет «Каспий» қатарына жалға алынған ойыншы ретінде қосылып, 16 ойында 1 рет гол соқты. Араға екі жыл салып Ақтауға оралған Талғат Кусяпов осы маусымда «Каспийдің» қорғаушысы ретінде 12 ойын өткізді.
Өкінішке қарай, 2023 жылғы Премьер лига ойындарында ақтаулық «Каспий» турнир кестесі бойынша 13-ші орынға тұрақтап, бірінші лигага түсіп қалды. Осы ретте ел чемпионатында ойнаған Талғат Кусяповты «Астана» маңызды жарыс алдында қайтадан өз қатарынан қосып отыр.