Бейбітшілік және келісім сарайында Елорда тұрғындарына Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология, Маңғыстау қазақтарының ХХ ғасырдағы ұлттық киім үлгілері көрмесі ұсынылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұдан бөлек астаналықтар Н. Мұхановтың «Күмбірлейді күмістер» колекциясын тамашалады. Н.Мұқановтың 40 жыл бойы жинаған коллекциясында Маңғыстау қазақтарының ХVII-ХХ ғасыр басындағы зергерлік бұйымдары, атап айтқанда Адай сырғасы, Адай білезігі және жүзіктері, жалпы 100-ден астам күміс жәдігер қойылған.
Сондай-ақ қолөнер шебері Алдаберген Тіленбаевтың сүйектен жасалған картиналары да көптің назарына ұсынылды. Алдаберген Тіленбаев жақында ғана Ресейдің Магадан қаласында өткен халықаралық «Сүйек ою» қолөнер көрмесіне қатысып, жеңімпаз атанған еді. Бейнеу ауданы Сарға ауылындағы орта мектептің еңбек пәні мұғалімінің ерекше бұйымдары қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған.
Осылайша жиылған жұрт Маңғыстау халқының өзіне тән ерекшелігін сәндік бұйымдар мен ұлттық киімдер арқылы танып, білді.