Ақтаулық «Каспий» футбол клубының жылдық бюджетіне өзгеріс еніп отыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Футболдан былтыр Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша «Каспий» премьмер лигадан шығып қалған болатын. Осы ретте клубқа бөлінетін қаржы көлемі едәуір қысқарған.
«Былтыр «Каспий» ФК Премьер лигада болған уақытта клубқа бөлінген қаражат 2 млрд 1 млн теңгені құраған болатын. Биыл бірінші лигада ойнауына байланысты клубқа 1 млрд. 200 млн. теңге көлеміндегі қаржы қарастырылған. Жалпы «Каспийдің» сәтсіз өнер көрсетуінің бірнеше себебі бар. Мәселен, 2023 жылы клубтың қаржысының оңтайлы жұмсалмауы, ойыншылардың дұрыс таңдалмауы, бапкерлердің жиі ауысуы себеп болып отыр», - деді Мақсат Мұқаш.
Бұдан бөлек, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақтауда футбол стадионын салу мәселесіне қатысты пікір білдірді.
«Бізде жаңа стадион салу туралы нақты шешім жоқ. Себебі қазіргі басты мәселе - «Каспий» футбол клубының пайда болған әр түрлі қарыздарын өтеу болып отыр. Мәселен, шетелдік ойыншыларға, мемлекеттік салыққа және әртүрлі бағытта 1 млрд 75 млн теңге қарызы бары белгілі болды. Сондықтан басқарма тарапынан қарыздарды өтеуге және қолданыстағы «Жас қанат» спорт кешеніндегі стадионына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бар ғимараттың мүмкіндіктерін пайдалануды көздеп отырмыз», - деді басқарма басшысы.
Мақсат Мұқаш осыған дейін Маңғыстауда мұз сарайының құрылысын 2024 жылдың соңына дейін жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Сондай-ақ, спортшыларды дайындау үшін облыстан спорт мектеп-интернат колледжін ашу жоспарда барын атады.