Ақтауда аймақтық «Jas tolqyn» жас таланттар байқауының ІІ кезеңі аяқталды. Соған байланысты өткен аптада байқау қорытындысы бойынша арнайы баспасөз конференциясы өтті.
Елімізден шығатын мұнайдың 80%-ын экспорттайтын танымал «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ өзінің әлеуметтік бағдарламасы аясында төрт жылдан бері жас таланттарды қолдау мақсатында «Jas tolqyn» байқауын ұйымдастырып келеді. Жоба Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын дарынды балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған. Конкурстың мақсаты - ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді сақтау және жаңғырту.
- Жыл сайын батыс өңірінің ауылдық жерлері мен аудан орталықтарында тұратын жас таланттар үшін «Jas tolqyn» конкурсын өткіземіз. Бұл - біздің мәдениет саласындағы ең ауқымды қайырымдылық жобаларымыздың бірі. Конкурсымыздың танымалдығы артып, қатысушылар саны да жыл сайын артып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын байқауға 400-ге жуық бала қатысқан болса, биыл 1300-ге жуық бала өз бақтарын сынауда. Сонымен қатар байқаудың номинация саны да жыл сайын артып отырады. Биыл жас таланттар бес номинация бойынша қатысуға мүмкіндік алды. Бұл - халықаралық конкурс. Конкурстың финалдық концерті жыл сайын Мәскеу қаласында өтеді. Оған бас жүлде алған балалар барады,- деді «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.
Байқауға жеке орындаушылар мен ұжымдық топтардан барлығы 500-ге жуық өтінім келіп түскен. Қатысушылардың жалпы саны - 1298 бала мен жасөспірім. Конкурсқа қатысушылар екі күн бойы «Хореография», «Вокал», «Аспаптық жанр», «Дәстүрлі ән», «Көркем сөз» номинациялары бойынша сынға түсті.
Дәстүр бойынша, конкурстан кейін қатысушыларға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халық әртістері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессорлары мен оқытушылары шеберлік сағаттарын өткізді. Шеберлік сағаттарында жас таланттарымыз әртістік шеберлік пен сахнада өнер көрсетуге қатысты ақыл-кеңестер алды.
- Біздің қатысушылар үшін «Jas tolqyn» - бұл ұзақ та мұқият дайындалатын үлкен сын. Өнерпаздар сахналық образдар ойлап тауып, киім тіккізеді, көп еңбектенеді. Олардың барлығында талант бар, тек барлығында бірдей оны дамытатын мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз олар үшін КҚК жасап жатқан қолдауды аса жоғары бағалаймыз. Балалар шеберлік сабақтарында аса ыждаһаттықпен және құштарлықпен дәріс алды. Әр қайсысы ұмытылмастай тәжірибе жинады деп ойлаймын, олар мұны ұзақ уақыт естерінде сақтап, әрі қарай білім алу жолында пайдаланатын болады,- дейді «Jas tolqyn» байқауының әділ қазылар алқысының төрағасы Нұрлан Измаилов.
Байқау қорытындысы бойынша "Аспаптық жанр" номинациясынан Ақтау қаласынан келген "Жас толқын" домбырашылар ансамблі жеңімпаз атанды. Жеке орындауда Гран-при Ақтөбе қаласынан келген Милан Мырзағалиеваға және Атырау қаласынан келген Таисия Войтоваға бұйырды.
"Хореография" номинациясы бойынша Гран-приді Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауылының "Жұлдыз" би ансамблі қанжығасына байласа, "Көркем сөз" номинациясы бойынша бас жүлде - Атырау облысы Құрманғазы ауданынан келген Мейіржан Бейбітұлыға берілді.
"Дәстүрлі ән" номинациясынан бас жүлде Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданынан келген Жанерке Оңғарбековаға бұйырса, ансамбльдер арасында осы номинация бойынша Гран-приді Атырау облысының "Ақсұңқар" ансамблі иеленді.
"Вокал" номинациясы бойынша ақтаулық Амина Асгатова және ақтөбелік Аяна Байзулла жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
-Осы конкурста бас жүлдеге ие болдық. Бірақ осындай жүлделі орынға ие боламыз деп ойлаған жоқпыз. Екі ай уақытымызды дайындыққа арнадық. Осындай халықаралық конкурсқа бірінші рет қатысуымыз. Бұл жеңісті күндеріміздің бастамасы деп білемін. Қатты қуанып тұрмыз,-дейді "Аспаптық жанр" номинациясынан бас жүлдеге ие болған "Жас толқын" домбырашылар ансамблінің жетекшісі Күлаш Көбенқыз.
Енді «Jas tolqyn» байқауының финалисттерін тағы бір қорытынды кезең күтіп тұр. Ол - Мәскеу қаласында өткізілетін «КҚК-дарынды балаларға» атты халықаралық фестивалі.
«Jas tolqyn» қайырымдылық жобасы Қазақстанда 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқау үш кезеңнен тұрады - сырттай қашықтан байқау онлайн түрде jas-tolqyn.kz сайтында өтеді. Аймақтық көзбе-көз кезең Атырау қаласында өтеді. Оған I-кезеңнің жеңімпаздары қатысады. Ал үшінші кезең - Мәскеу қаласында өтетін «біріктіруші мәдени форум». Оған әр номинация бойынша Гран-при иегерлері қатысады.
Айта кету керек, дарынды балалардың өнер жолына алғашқы баспалдақ болған "Jas tolqyn” жас таланттар байқауын ұйымдастырушы - «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ - ТМД аумағында энергетика саласындағы шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 шақырымды құрайды. Бұл бағытпен Қазақстанның экспортқа шығарылатын мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ ресейлік, соның ішінде Каспийдегі кен орындарынан шыққан шикізат тасымалданады. КҚК теңіз терминалы үш шығарылатын айлақ құрылғысымен (ШАҚ) жабдықталған, олар танкерлерді жағадан айтарлықтай алшақта қолайсыз метео жағдайда да қауіпсіз тиеуге мүмкіндік береді.