Мұнайлы ауданындағы бес ауылдың шаруаларының төрт түлігі өріске шығатын «Жетікөл» жері кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен. Шаруалардың сөзінше былтыр ақпан айында кәсіпкер келіп, «бүкіл құжатым заңды» деп жайылымдық жердің аумағынан карьер қазуға кіріскен. Бір жарым жыл бойы дауласқан мәселені аудандық әкімдік те шеше алмады дейді шаруалар.
- Біз 5 ауылдың жайылатын өрісін карьер қыламын дегенге үзілді-кесілді қарсымыз. Біздің басқа жерде өрісіміз жоқ. Себебі мына шеті уран карьері, мына шеті 16-бекеттің шойын жолы. Карьер қазғаннан кейін мына жағы шаң болады, мына жағы карьер болады. Мал ол жерге жайыла алмайды ғой, - дейді шаруа Сағат Қосов.
Төрт түлік баққандар жер кәсіпкердің меншігіне өтер кезде ешқайсымызды қоғамдық тыңдауға шақырмады деп отыр. Сондай-ақ кәсіпкер ол жиынға өз таныстарын әкеліп, «карьерге қарсылығымыз жоқ» деген қол жинаған деп ашулы.
- Әкімшіліктің аумағындай жерді 3 метрдей тереңдікте қазып тастады. Қазғанда да бұрғылау арқылы емес, басқа тәсілмен қазды. Былай айтқанда табиғатқа, қоршаған ортаға, мемлекетке үлкен залал келтіріп тұр. Ол жер әлі де болса ашық күйінде жатыр. Әкімдік 10 жылға мерзімге жалға беруге келісім беріп, халықтың Президентке үндеуінен кейін ол азаматтан жерін қайтып алу туралы қаулы шығарған екен, - дейді шаруа Ерлан Қозыбағаров.
Дау аудан әкімінің қаулысынан кейін күшейе түсті дейді шаруалар. Себебі кәсіпкер Мұнайлы ауданының әкімдігін сотқа беріп, мәселе одан сайын ушыққан көрінеді. Осылайша әкімдік соттан жеңіліп, жайылым жері әлі күнге дейін кәсіпкердің меншігінде екен. Ал аудандағы шенділер әу баста жерді пайдалану рұқсатын біз бермедік деп отыр.
- Лицензияны алған кезде кез келген тұлға министрліктен алады. Интерактивті картадан жерді рәсімдеп алады. Әкімдіктен ешқандай келісім алмайды. Біз білмейміз... Карьерге рәсімдеп жатқан жер учаскесіне лицензия алып жатқанда біздің әкімдікпен келісілмейді, министрліктің ғана келісімімен алады, - деді Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Орынбасаров.
Әкімдіктегілер сот шаруалардың сұранысын негізсіз деп тауып, мүдделі тарап ретінде назарға алмағанын айтады. Сондай-ақ шенділер кәсіпкердің лицензия алу барысында құқықбұзушылық жасағанын да айтып отыр. Енді әкімдік өкілдері сот шешіміне аппеляциялық шағым түсірмекші.
Махаббат Нұржанқызы