Мынау қарбаласқан тіршілікте кімнің кім екендігіне аса мән бере бермейтініміз белгілі. Тіпті жанымызда бірге жүрген жақсы жандар жайлы жылы лебіз білдіруге де сараңбыз. Мен бүгін әріптесім – ұстаз, ғалым, журналист, қоғам белсендісі Қамарова Нағбду Сұлтансихқызы туралы жүрекжарды сөзімді жариялауды жөн көрдім.
Жүзінен нұры төгілген әріптес сіңліммен таныс болғаныма да бірнеше жыл өтіпті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Достыққа адал, қолынан келсе көмегін, ақыл-кеңесін аямайтын Нағбдудың өзіне баурап алатын тамаша қасиеттері көп.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Нағбду әріптесім туралы білгіңіз келсе, ұзақ жылдар бірге қызмет етіп, бірге келе жатқан менен сұраңыз.
Нағбду Қамарова 1972 жылдың 12 желтоқсанында Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келді. Қамар атасы мен Ару әжесінің еркесі болған Нағбдудың атын да арабша сауаты бар атасы мен әжесі Құран ақтарып, ырымдап қойған. Екі қасиетті қарт сынықшы, көріпкелдігімен елге танымал болған (атасы Қосайдың Тінейінен, әжесі Бөкен Мыңкісіден тарайды, ол туралы әңгіме бөлек). Атасы мен әжесі жалғыз ұлының шаңырағында кілең қыздар туыла берген соң, төртінші перзентіне ырымдап, қасиетті құраннан «Йәкә Нағбуду» деп азан шақырып, ат қояды. Бірақ құжатқа Нағбду ғана түскен. Аты да, заты да ерекше ол бала күнінен батырлар жырын, ақын-жыраулардың жыр-термелерін жаттап өскен. Ауыз әдебиетін жатқа айтатын талапты бала мектепте қазақ тілі мен әдебиетін ерекше қадірлеп өсті. Оқушы кезінде Нағбду оқитын Е.Өмірбаев атындағы орта мектепке ақын Фариза Оңғарсынова келіп, талапты балаға ақ батасын беріп кеткенінің өзі – бір ұмытылмас оқиға болған. Талапты жас 1980-1990 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы С.М.Киров (қазіргі Е.Өмірбаев) атындағы орта мектепте үздік оқыды. Нағбдудың бала кезінде белгілі әдебиетші ғалымдар З.Қабдолов, С.Негимов ағалар оның мектебіне келіп дәрістер оқығаны әлі күнге жадында екенін айтады. Мектеп ақыны атанып, оқушы кезінде қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадаларға, ақындар айтысына, мүшәйраларға да қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Нағбду орта мектепте оқып жүргенде өте белсенді, алғыр, озат балалардың бірі болды. Мектептегі дружина советінің председателі, мектептегі бастауыш комсомол ұйымының мүшесі бола жүріп, көзінен от ұшқындаған жас сол кездегі комсомол конференцияларына қызыл мандатпен қатысушы еді. Тек қатысып қана қоймай, өз ойын батыл айта алатын, бастама көтеретін, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін жас болып өсті. Қазақ қыздарының іскерлігі мен азаматқа лайық іс-әрекеттері қай заманда да болған. Нағбдудың заты нәзік болса да, батыл да қайсар, өжет екеніне дәлел көп.
Орта мектепті бітіргеннен кейін, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, осы оқу орнын 1995 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірді. Н.Қамарова 1995 жылы еңбек жолын Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінен бастап күні бүгінге дейін еңбек етіп келеді.
1997-2000 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (ҚазҰУ) күндізгі бөлім аспиранты болып, 2001 жылдың қаңтар айында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі үшін әдебиет теориясынан «Қазіргі қазақ өлеңдеріндегі психологизм» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2001-2006 жылдары Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті болды.
2006 жылдан 2014 жылдың маусым айына дейін Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры болып, адал қызмет атқарды.
Проректор кезінде Нағбдудың бастамасымен, ректордың бұйрығымен университетте 2009 жылдың қыркүйек айынан 2013 жылдың аяғына дейін студенттік филармония жұмыс істеді. Бұл құрылымның ашылуын сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев та қолдады. Студенттік филормония қызметінің басты мақсаты – студенттердің көркемдік әлемі мен шығармашылығын жан-жақты дамыту, талантты жас өнерпаздардың өнерлерін жетілдіре отырып, студенттердің бос уақытын тиімді өткізу болды. Филармонияда би, күй, ән, театр үйірмелері, вокальды-аспапты ансамбль, студенттер хоры, студенттер оркестрі, көңілді тапқыштар клубтары бар-тын. Студенттік филармонияның құрамында көптеген шығармашылық ұжым, үйірмелер жұмыс істеді.
Студенттердің демалысы мен бос уақытын тиімді өткізу үшін университетте барлық жағдай жасалды. Дәстүрлі мәдени бағытта және жаңа заманауи үлгідегі шаралар ұйымдастырылып келді. Мысалы, университеттегі дәстүрлі «Каспий маржандары», «Студент көктемі» өнер фестивальдері, «Қыз сыны», «Қозы Көрпеш мен болсам, Баян сұлу сен едің» байқаулары, өнер иелерімен кездесу кештері, т.б. студенттердің ең асыға күтетін шаралары еді.
Сол кездегі кейбір студенттердің жеңістерін атап кетейін.
Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында ТМД елдері студенттері арасында І Халықаралық «Студенттік көктем-2011» фестивалінде Қазақстан атынан Студенттік филармонияның өнерлі студенттері А.Құбашева мен «Қарлығаш» би ансамблі 1-орынға ие болды. 2012 жылғы маусым айында Баку қаласында 25 елдің өнерпаздарының қатысуымен өткен I халықаралық жастар конгресінде Қазақстан атынан қатысқан студенттік филармонияның «Керуен» би ансамблі жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. 2012 жылы маусым айында Түркияның Алания қаласында өткен халықаралық фестивальде «Падишах» би ансамблі II орынды иеленді. 2009-2013 жылдар аралығында «Барыстар» командасы республикалық КВН ойындарының бірнеше мәрте бас жүлдесін жеңіп алды. 2007-2013 жылдар аралығында университет студенттері арасынан спорт шеберлері де шықты. Олимпиада жүлдегері Ә.Ниязымбетов, әлем чемпиондары Ж.Нежимов, Х.Халидов, Т.Джумалиев, А.Абаев, А.Имашев, Қ.Бурбасов, Н.Румаганбетов сияқты студенттердің биіктерге жетуіне үлес қосты. 2006-2013 жылдары университеттің Ғылыми кеңесінің шешімі арқылы арқылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүжәлсіз отбасынан шыққан балалар ақылы бөлімде оқыса, олардың оқу ақыларына (әр түрлі саты бойынша) 50% пен 100% аралығында жеңілдіктер жасалып отырды. Ол балалар жатақханада тегін тұрды. 2007 жылдан бастап Ш.Есенов, Ә.Кекілбаев, М.Жолдасбеков, С.Зиманов және т.б. белгілі тұлғалар атындағы атаулы стипендиялар тағайындалды. Ол стипендиялар оқуда озат, қоғамдық қызметте белсенді студенттерге ай сайын беріліп келді. 2007 жылдан бастап университетте 15 сәуір Университет күні болып белгіленді. Бұл күні «Ең үздік профессор», «Ең үздік доцент», «Ең үздік оқытушы», «Ең үздік куратор», «Ең үздік студент» анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталып тұратын. Университет білім алушыларының Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, Е.Раушанов, С.Зиманов, О.Сүлейменов, Қ.Мырза-Әли, А.Бақтыгереева сияқты белгілі тұлғалармен кездесулері дәстүрге айналды. Университеттегі проректор Нағбдудың атқарған қызметтерін жаза берсем, бұл мақаланың көлеміне сыймас еді.
2011 жылы Н.Қамароваға ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау комитеті бекіткен қауымдастырылған профессор ғылыми атағы берілді.
Н.С. Қамарованың 200-ге жуық ғылыми мақалалары мен баяндама мәтіндері ҚР БҒМ БҒСБК бекіткен басылымдарда және республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында жарияланды. Scopus, Web of Science базасына тіркелген индексі жоғары журналдарда оншақты мақаласы жарияланды. Ол бірнеше республикалық, жергілікті ғылыми жобалардың жетекшісі. ҚР БҒМ бекіткен 3-сыныпқа арналған «Музыка» оқулығы (2017) авторларының бірі және бірнеше авторлық оқу құралдарының (Жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысы. Оқу құралы, 2010; Қазақ әдеби сынының тарихы. Оқу құралы, 2019; Жоғары оқу орнында «Абай жолы» романын оқыту. Оқу құралы, 2020; Жоғары оқу орнында қазақ әдебиетiн «Мәңгiлiк ел» идеясы арқылы оқыту (қазақ тарихи романдары негiзiнде). Оқу құралы, 2020; Бағалаудың өлшемдік технологиялары. Оқу құралы, 2021. Кәсіби қазақ тілі. «Экономика» мамандығына арналған электронды оқу құралы, 2021. Фаризатану. Оқу құралы, 2020 және т.б.) және бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Сондай-ақ монографиялардың (Өлеңдегі сезім нақыштары. Монография, 2019; М.Дүйсеновтің қаламгерлік қырлары. Монография, 2019; Фариза Оңғарсынова шығармаларының поэтикасы.
Монография, 2021) және ғылыми жинақтың (Сөз сарасы, 2011) авторы, 8 ғылыми-педагогикалық туындыға авторлық куәлік алған және 100-ге жуық біліктілігін арттыру куәліктері мен сертификаттары бар.
Н.С. Қамарованың ғылыми-зерттеу бағыттары қазіргі қазақ әдебиеттануы, түркі халықтарының әдебиеті, қазақ және шетел поэзиясы, ондағы жаңа құбылыстар, тенденциялар, салыстырулар, қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәселелеріне арналаған. Ол осы саладағы зерттеу еңбектердің, магистранттар мен студенттерге арналған оқу құралдарының авторы.
Н.С. Қамарова «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» (2009), «Ыбырай Алтынсарин» белгісінің (2011), «Ш.Есенов» төсбелгісінің (2021) иегері. 200-ден аса публицистикалық мақалалар жазған қаламы жүйрік журналист 2009 жылдан бері ҚР Журналистер Одағына мүше.
Нағбду Қамарова – қоғам белсендісі. Ұйымдастырушылық қабілеті зор. Айтар ойын ірікпей, алқалы жиындарда қоғамдағы түйткілді мәселелерді батыл да өткір қозғай алады. 2008 жылы қоғамдағы белсенділігі мен қайырымдылығы үшін «Сауап» медалімен және әр жылдары Маңғыстау облысы әкімінің, «Нұр Отан» партиясының, Журналистер Одағының алғыс хаттарымен марапатталған.
Университетте рухани жаңғыру аясында ашылған «Абай әлеміне саяхат» клубы мен білім алушылардың танымдық «Тағылым» бірлестігінің жетекшісі. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы бойынша облыстық, республикалық газеттерге бірнеше мақалалар жариялап, білім мен тәрбие мәселелерін көтеріп келеді.
Республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Алматы ақшамы», «Жұлдыз», «Ақиқат», облыстық «Маңғыстау», «Маңғыстау мұғалімі» басылымдарында көптеген мақалалары, ұжымдық жинақтарда көркем туындылары жарияланды.
Н.С. Қамарова Ш.Есенов атындағы КТИУ-да «Қазақ әдеби сынының тарихы», «Әдебиет тарихын дәуірлеудің теориялық негіздері», «Мифопоэтика», «Көркем туындыны психологиялық талдау», «Көркем мәтінді әдеби талдау» пәндерінен студенттер мен магистранттарға дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізеді. Білім алушылардың ғылыми және тәрбие жұмыстарына жетекшілік жасайды. Жыл сайын қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан магистранттардың ғылыми жұмыстарына жетекші болып, диссертацияларын тәжірибемен ұштастырып, ғылыми-теориялық негізде сәтті қорғатып келеді.
Маңғыстау аймағының әдебиетін зерттеу ісіне де Н.Қамарова өз үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, 2018-2020 жылдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Фариза және Маңғыстау» тақырыбындағы ғылыми жобаға жетекшілік етті.
Маңғыстаудан шыққан ақын-жазушылар Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, Е.Раушанов, М.Дүйсенов, О.Тұржан, С.Нұржан, М.Іңірбаев және т.б. шығармашылығын зерттеулеріне арқау етіп, көптеген ғылыми мақалалар жазды. «Өлеңдегі сезім нақыштары» (2019) монографиясында аты аталған ақындар поэзиясы терең талданған. Сондай-ақ «Медет Дүйсеновтің қаламгерлік қырлары» атты монографиясында жерлес ақын М.Дүйсеновтің поэзиясы мен публицистикасын зерделеген. Маңғыстауда өткен ғасырда өмір сүрген, белгісіз болып келген ақын Дүйсеғұл Смайылұлының өлеңдерін әр жерден жинап, оқып, зерттеп, өлеңдер жинағын шығарысуға атсалысып, алғы сөз жазды. («Тағдырдың көрдім талқысын». Алматы: Үш Қиян, 2019)
Жоба мүшесі ретінде «Филология. Қазақ тілі» мамандығы бойынша білім берудің ғылыми-концептуалдық негіздемесін «жаһандық бәсеке және ұлттық код» контексінде жаңарту» ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру жобасы 2018-2020 жылдар (Жоба жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Қ. Сарекенова) ғылыми еңбектер жазды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурста 12 ай ішінде жүзеге асатын «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер бөлімі» бойынша Н.С. Қамарова «Фариза Оңғарсынова шығармаларының поэтикасы» атты ғылыми жобасына жетекшілік етті (ИРН AP09562328). Ғылыми жобасын сәтті аяқтап, мемлекеттік ғылыми-сараптама қорытындысы берілді. Ол қазір де үлкен жобаның мүшесі. «Түркі халықтарының авторлық ауызша поэзиясы: генезис, типология, поэтика» тақырыбы бойынша ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру жобасы 2022-2024 жылдар (жетекшісі – ф.ғ.д., профессор А.Шәріп) сол жобаның бір мүшесі ретінде жүйелі жұмыстар атқаруда.
Зерттеу нәтижелері ЖОО-дағы «Фариза Оңғарсынова шығармашылығы», «Фаризатану» атты арнаулы курстар арқылы білім беру үрдісіне енгізілуде. Ғылыми жобаның негізінде Ф.Оңғарсынова шығармашылығына арналған жаңа мазмұндағы білім беретін оқу-әдістемелік құралы, «Ф.Оңғарсынова шығармаларының поэтикасы» атты монографиясы мен «Фаризатану» оқу құралы жарияланады.
Н.Қамарова – Қырғызстаннан шығатын «Journal of academic social resources journal» ғылыми басылымының, сондай-ақ «Есенов университеті Хабаршысының» редколлегия мүшесі.
Марқұм жолдасы Қосымбаев Нұрлан Досымбетұлы талантты ақын еді, әттең, өмірден ертерек кетті. Қызы Айсәуле Нұрланқызы – бүгінде мектептің озат оқушысы.
Жаны жайсаң, кең пейілді, үлкенге ізетпен, кішіге қамқор көңілмен қарайтын жылы жүректі, сабырлы да салиқалы, сыртқы сұлулығы ішкі сұлулығымен астасқан қадірлі әріптес бүгінде мерейлі 50 жасқа келді. Қымбатты дос, әріптесімді мерейлі жасымен құттықтай отырып, денсаулығының мықты, еңбегінің табысты, мерейінің әрқашан үстем болуына тілектеспін. Тағы да бір жарты ғасыр ғұмыр тілей отырып, елге берерің таусылмасын дегім келеді.
Гүлаш ҚОЩАНОВА,
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университетінің профессоры.
«Маңғыстау» газеті, 24.11.2022.