Жаңаөзенге келген арнайы жұмыс тобы бүгін мұнайшылармен кездесуді бастады. Комиссия жетекшісінің орынбасары мұнай айдау, сондай-ақ мен химияландыру және экология экология басқармасының жұмысшыларының талабын тыңдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Отырыс кезінде жұмыс тобын екі шағын топқа бөлу туралы шешім қабылданды. Біріншісі қаржы-шаруашылық және сатып алу қызметін тексереді, ал екінші топ аса өзекті мәселелерді анықтау мақсатында фокус топтармен және жұмыс ұжымдарымен коммуникация орнатуға жауапты болады.
Кеңес барысында «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай жұмыс тобы өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған жағдайда компанияда кадрлық өзгерістер жүргізілетінін атап өтті.
Сонымен қатар кеңестен кейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері жергілікті жұмысшылар арасында сауалнама жүргізуге кірісті және компанияның бірқатар өндірістік нысанын аралады.
Жұмыс тобының жетекшісі Дәулетжан Хасанов әр басшыға түйткілді істі бірге атқарып, техникалық және әлеуметтік жағдайға мән беруді тапсырды. Сондай-ақ Дәулетжан Хасанов сервистік қызмет көрсететін серіктестіктермен өндірістік қарым-қатынас жасайтын бөлім құрылғанын айтты.
- Өзенмұнайгаз өте үлкен компания, өзінің қарауында 16 басқармасы бар. Олардың бәрімен кездесу болады. Одан басқа қазір бізде айналасында 30-ға жуық мекеме бар. Олардың да бәрімен кездесу өткізетін боламыз. Бізде өндірістік қарым-қатынастар деген бөлім құрылып жатыр. Олардың жұмысы осы мердігер мекеменің жұмысын қадағалау. Ол жердегі адамдардың әлеуметтік жағдайы, техника қауіпсіздігі одан басқа еңбекақы төлеу жүйелерін қатты қадағалауға алып жатырмыз, - деді жұмыс тобының жетекшісі, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов.
Жиыннан соң екіге бөлінген жұмыс тобы жоспар бойынша басқармаларды аралап, жұмысшылармен танысты. Ал мұнайшылар комиссияға өз сауалын қойып, шешу жолын сұрады. Мәселен мұнайды тазартумен айналысатын химияландыру және экология басқармасының жұмысшылары арнайы жөндеу боксы ауадай қажет деп отыр. Ал ол бокстар бүгінге дейін мүлде болмаған екен. Сол себепті ескі гаражда жұмыс істеуге мәжбүрміз дейді олар.
- Соңғы 3 жылда техникалар жаңарып келе жатыр. Енді бірен-саран техникалар бар ескі. Техникаларды 10 мың километрден соң майын ауыстыратын, майлап, тексеретін арнайы жөндеу боксы қажет. Қазір ескі гаражда жұмыс істеп жатырмыз, - дейді жұмысшы Қобылан Қарашаев.
- Ұсыныстарды жігіттер беріп жатыр. Барлық сұрақ бойынша қорытындысы бір айға жалғасады деп күтіліп жатыр. Бір айдан кейін жинап болғаннан кейін біз жалпы Қазмұнайгаз бойынша бағдарлама жасаймыз. Сосын сол жұмыстар ары қарай жалғасады, - деді жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары Абат Құтжан.
Сондай-ақ Абат Құтжан бұл комиссияның мұнай өндіру саласының кенде қалған тұстарын жетілдіру үшін құрылғанын айтып отыр. Сол себепті әрбір компания мен цех жұмысшыларымен кездесу маңызды дейді. Айта кетейік, бүгінге дейін «Өзенмұнайгаз» компаниясында 70-80 пайыз техника жаңартылыпты.
Махаббат Нұржанқызы