Кендірлі ауылында белгіленбеген орынға қоқыс төккені үшін қоқыс төккен тұрғынға шара қолдануды әрі тазалауын сұрап, ауыл тұрғыны бейнесауал жолдаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ауыл әкімшілігі қоқыс төгілген орынды және қоқыс төккеннің кім екенін анықтап, ауылдың учаскелік полициясы қызметкеріне хабарлаған.
Учаскелік полиция тұлғаны тауып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, 73 840 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Тұрғын қателігін мойындап, толтырылған хаттамамен келісіп, төккен құрылыс қалдықтары мен қоқыстарын тазалап, белгіленген орынға, яғни қоқыс полигонына апарып төгіп, алдағы уақытта қайталамайтынын жеткізді. Сондай-ақ, сол орынның айналасында төгілген басқа да қоқыстарды тазалауды өз мойнына алды.