Жаңаөзен қаласының жастарына «Жыл үздігі – 2022» жастар сыйлығы табысталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Өз саласында елеулі жетістікке жетіп, жастар саясаты бағытында жасаған еңбегі мен атқарған қызметі үшін 15 аталым бойынша сала үздіктерін марапаттау шарасы дәстүрлі түрде биыл оныншы рет өткізілді. Жастар премиясының мақсаты - түрлі салаларда жұмыс жасайтын дарынды жастарға қолдау көрсету, жетістіктерін насихаттау, жастардың рухын көтеріп, ынталандыру болып табылады.
Салтанатты жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов жиналғандарды мерекемен құттықтап, үздік жастарға диплом, арнайы естелік мүсіндер мен сый-сыяпаттар табыстады. Одан бөлек, салтанатты шараға қонақ ретінде шақырылған «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің Жаңаөзен қалалық филиалы төрағасы Жүзбай Күмісбаев, Жаңаөзен қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі, телевизия саласының ардагері Қосаман Жайлы, «Жаңаөзен қаласының азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Райыс Мұхашевада үздік сала жастарын марапаттап, құттықтады.
Оның ішінде «Үздік жас сақшы» номинациясының жеңімпазы Бақытжан Абатовтың ерен еңбегі мен кәсіби даярлығын атап өткен жөн. Ол Жаңаөзен қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция инспекторы қызметін атқарады. Ол 2022 жылдың 25 қыркүйегі күні күндізгі ауысымдағы қызметі кезінде Рахат ауылы «Мерей» шағынауданының 70 көшесінде синтетикалық есірткі заттарын жасыру кезінде қашуға әрекеттенген күдікті ер адамды ұстаған. Нәтижесінде жедел тергеу тобы мен куәгерлердің қатысуымен жүргізілген тінту нәтижесінде аталған күдікті азаматтан ірі мөлшерде синтетикалық есірткі заты тәркіленген.
Сондай-ақ, «ERZHANOV BOXING CLUB» бокс клубының спортшысы, бокстан спорт шебері Нұрым Дилшат 2022 жылы Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында «Лифт промоушенның» ұйымдастыруымен өткен кәсіпқой бокс кешінде өзбекстандық Фарух Аслановты жеңіп, бүгінгі күнге дейінгі 6 жекпе-жегінің алтауында да жеңіске жеткені үшін «Үздік жас спортшы» ретінде танылды.
8 жыл еңбек өтілі бар №2 Жаңаөзен қалалық емханасының кеңесші – педиатр дәрігері Айдана Абирова «Үздік жас медицина қызметкері», республикаға танымал жаңаөзендік әнші «Qazaqstan dauysy» мега жобасының финалісі Данияр Кәрім «Үздік жас өнерпаз» аталымы бойынша үздіктер қатарынан көрінді.
Жүзден жүйрік шыққандар қоғамның түрлі салаларында қызмет етеді. Марапат биігінен көрінген жастар білімде білікті, экономикада алғыр, әлеуметтік салада мығым, спортта шымыр болғысы келеді. Әр саланың үздіктері бас қосқан шара ән мен жырға ұласты.