Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас өнертапқыштары республикалық робототехника бойынша ашық чемпионатта топ жарды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Додада ақтаулық оқушылар «QarapaiymЕmdeu», «qMeta» жобаларын таныстырған. Олардың айтуынша,
«QarapaimEmdeu» қосымшасы - сырқатты анықтайтын робот-терапевт және мобильді платформа мен деректерді сақтайтын медициналық портал. Бұл порталды ойлап шығарған құрама сапында Данил Мухалев, Камила Куатова, Нұргүл Әмірхан, Ұлан Айтбай бар.
-Робот-терапевттің мақсаты - дәрігерлерді алмастыру емес, олардың жұмысын жеңілдету. Робот ауырып келген адамның айтқан симптомдарына қарай диагноз қойып, әрі қарай емделу жолын немесе қай дәрігерге қаралу керек екендігін айтады, - дейді жоба авторларының бірі Камила Куатова.
Ал «qMeta» – виртуалды шындықта білім беру платформасы. Платформа «Oculus Quest 2» виртуалды шындық көзілдірігінде қолданылады. Виртуалды шындықта студенттердің мүмкіндіктері шексіз. Мұнда атомдардың ыдырауынан бастап органикалық бөлшектердің ыдырауына дейін кез келген тәжірибені жүргізуге болады дейді, команда мүшелері.
-«qMeta» жобасының мақсаты шынайы өмірде жүзеге асыру мүмкін емес. Физикалық, химиялық тәжірибелерді виртуалды шындық арқылы көрсету. Біріншіден, бұл платформа мұғалімнің сабақ беру процессін жеңілдетеді. Екіншіден оқушының сапалы әрі нақты білім алуына мүмкіндік береді,- дейді жоба авторларының бірі Расул Абуов.
«qMeta» командасында Расул Абуов, Ақбөбек Нышанбай, Мағжан Закария, Айсұлтан Бақтығали және информатика пәнінің мұғалімі Мәди Медет өнер көрсеткен.
Республика деңгейінде өткен робототехника бойынша ашық чемпионатқа 7 мен 22 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер қатысқан. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жарыс биыл 7 рет өткізілген.
-Қатысушылар негізінен робототехника, жаңа технологиялар және бағдарламалау саласында сайысқа түсті. Чемпионат биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған 98 білім мекемесі қатысты. Әділ қазылар ұсынған жобалардың ішінен әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бағдарламаға баса назар аударды,- дейді «QarapaiymEmdeu», «qMeta» жобаларының жетекшісі Мәди Медет.
Білім беру ұйымдары арасында өткен чемпионат екі күнге созылды. Жеңімпаз атанған «Qarapaiym emdeu» командасы еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне білім грантын жеңіп алды. «qMeta» жобасының авторлары «IMAP business school» бизнес-мектебінде оқуға мүмкіндік алды. Сондай ақ жеңімпаз команда қатысушыларына 50 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды.