Жаңаөзен қаласында қоғам қайраткері, инженер-геолог ғалым, ағартушы Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының 140 жылдығына орай «Замананың заңғар биігі» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Іс-шараны Маңғыстау индустриалды техникалық колледжі ұйымдастырды.
-Маңғыстау жұрты Оразмағанбет атамызды кен іздеген кемеңгер, ағартушы, басы ауырып, балтыры сыздағанға қол ұшын беретін емші, діни ғұлама есебінде біледі. Айта берсек көп. Бұл жөнінде ұлы жазушы Әбіш Кекілбайұлы, Дүкенбай Досжанов, өлкемізге белгілі жазушылар Отыншы Көшбайұлы, Әбілқайыр Спан, басқа да қалам тербеуші азаматтар мен журналистер баспасөз беттерінде мақала, зерттеулерін жазып көпшілікке ұсынды. Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының өңіріміз үшін басты еңбегі геологиялық зерттеулердің дамуына қосқан зор үлесі деп айтар едік. Бұл – Қазақстанның ғылыми қызметкерлерінің қазіргі буыны мен ғылымға қызығатын жастар үшін жүйеленген зерттеу жұмысының үлгісі іспеттес. Бүгінгі Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының есімін ұлықтап, осындай ғылыми-тәжірибелік конференцияның ұйымдастырылуы өскелең ұрпақ үшін маңызды деп айтар едім,- деді қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов.
Басқосуда өлкетанушы Отыншы Көшбай «Ұлы даланың ұлы перзенті», Нияз Тобыш «Қазақтың ұлы тұлғасы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ жұртшылық және мемлекеттік органдармен байланыс бөлімі маманы, жыршы Арғын Бисенов Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына арнаған жырын орындап, көпшілік қошеметіне бөленді.