Жаңаөзенде гибридті электр станциясы құрылысының іргетасы қалана бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Eni компаниясының Қазақстандағы басшысы Сегер Хойтинктер қатысып, қонақ болған. Онымен қоса, энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Парламент Мәжілісінің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин қатысқан.
Күн, жел және газ энергиясымен жұмыс істейтін 247 МВт гибридті электр станциясы — ҚМГ мен Eni компанияларының бірлескен жобасы. Күн электр станциясының қуаты 50 МВт, жел – 77 МВт және газ – 120 МВт.
Гибридті станция ҚМГ-дың өңірдегі еншілес компанияларын, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚазақГазӨңдеу» ЖШС-ны тұрақты және сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етпек. Бұл электр қуатының жиі үзілуіне байланысты өндірістің апатты жағдайда тоқтап қалу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы дамытудың нақты жоспарын жасап, оған жеке инвестицияларды көптеп тартуды, бизнеспен тиімді диалог орнатуды және осы бағыттағы мәселелерді жедел шешуді әкімдіктердің негізгі міндеті екенін үнемі айтып келеді. Бұл жобаны жүзеге асыру Жаңаөзен қаласы үшін, жалпы Маңғыстау облысы үшін аса маңызды. Станция құрылысының өзіне 800-дей жерлесіміз жұмысқа тартылады.
Бұл жоба жаңаөзендік кәсіпорындарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы тиімді жобалардың біріне айналатынына сенімдімін. Ал біз жергілікті атқарушы билік оның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсететін боламыз, - деді Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев.
Жобада итальяндық компанияның халықаралық өнеркәсіптік тәжірибесін пайдалана отырып, жаңартылатын энергия көздерінен (жел және күн) электр энергиясын біріктіріп өндіру, электр энергиясын өндіруді теңестіру және тұрақтандыру үшін газ электр станциясы қолданылады. Құрылыста 800-ге дейін, ал станция іске қосылған соң 70 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Құйылатын инвестицияны ҚМГ бен Eni тең негізде қамтамасыз етеді.
- Мұндай гибридті жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылмақ. Гибридті электр станциясы аймақтағы мұнай өндіруші компаниялар мен ҚМГ газ өңдеу зауытын тұрақты және сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жоба Eni халықаралық өндірістік тәжірибесін пайдаланып, әртүрлі технологиялардың инновациялық үйлесімін білдіреді. Бұл Маңғыстау облысын энергиямен қамтамасыз етуді әртараптандыру және көміртексіздендіруді көздейді. Сонымен қатар, жоба өңірдегі жоғары білікті мамандарды жұмысқа орналастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады, - деп атап өтті ҚМГ басшысы Асхат Хасенов.
Сондай-ақ, жоба компанияның қабылданған стратегиялық мақсаттарына сәйкес ҚМГ-ның көміртексіздендіру және көміртегі іздерін азайту стратегиясын жүзеге асыруға ықпал етеді. Гибридті жоба бойынша өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 40% толығымен «жасыл» болады, бұл көмірқышқыл газының қалдықтарын айтарлықтай азайтуға ықпал етеді.