Жаңаөзенде 6-8 мамыр күндері шаһардың 55 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Жеңіс Жарылғаповты еске алуға арналған бокстан республикалық турнир өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
23-35 жастағы ерлер арасындағы сайыста спортшылар 14 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Республикалық жарыс болғанымен, бақ сынауға елімізден бөлек, Ресейдің Омск қаласынан спортшылары да келіп қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімнің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов, «Amanat» партиясы МОФ атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев, ардагер мұнайшы Мұрат Құрманбаев және Жеңіс Жарылғаповтың жұбайы Манар Жарылғапова құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жеңімпаздарға арнайы диплом, медальдар мен 100, 150, 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Одан бөлек, турнирде «Үздік төреші», «Үздік боксшы», «Жеңіске деген жігерлігі үшін», «Үздік жекпе-жек» номинациялары бойынша мықтылар марапатталды.
Үш күнге созылған республикалық жарыстың басты жекпе-жегі жаңаөзендік Дильшат Нұрым мен ақтөбелік Айдос Тастаевтың арасында болды. 6 раундқа жоспарланған жекпе-жекте жаңаөзендік кәсіпқой боксшы қарсыласын алғашқы минуттарда нокаутқа жіберіп, чемпиондық белдікті иеленді.
Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша шарша алаңда шеберлік көрсеткен 95 спортшының ішінде Жаңаөзен намысын қорғаған 18 жерлестеріміздің жетеуі қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.