Еліміздегі әрбір діни конфессия мүшелерінің заң алдында құқықтары тең. Ешбір дін өкілінің діни сеніміне тіл-тигізіп балағаттауға, діни ғибадат орындарында діни рәсімді өткізуге кедергі келтіруге тыйым салынған. Бүгінгі таңда біз зайырлы, демократиялық, құқықтық елміз.
Зайырлы мемлекет жүйесінде мемлекет дін ісіне араласпайды. Яғни, діннің құлшылық, білім беру жүйесі, оқыту әдіснамасына кіріспейді. Алайда, заң бойынша рұқсат етілген кез келген діни конфессияның оқыту жүйесі және ішкі ұстанымдары елдің тұтастығына қауіп келтіретін болмауы керек.
Негізінде, зайырлылықтың анықтамасы көп. Солардың бірі - «барлық діндерге бейтарап», «теологиялық қағидалар мен нормалардан азат». Діндерге бейтарап қарауының себебі діндер көп, ал құдай түсінігі бір. Бірақ құдай түсінігі бір болғанмен олардың түсінігі, құлшылығы, дүниетанымы әртүрлі. Сол себепті мемлекет өз азаматтарының діни сеніміне араласпайды, құрметтеп бейтараптық танытады. Зайырлылық ұстаным мемлекеттің сипатын анықтайды.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев әлемдік және дәстүрлі діндердің 7-ші съезінде: «Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз», – деген болатын. Осы негізде қазір елімізде 18 конфессия өзара татулық пен келісімде өмір сүріп келеді. Оның ішінде Маңғыстау өңірінде 46 діни бірлестік жұмыс істеп тұр. Олардың 35-і Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары, біреуі православтық, біреуі римдік-католиктік, қалғандары өзге де діни бірлестік.
Өңірімізде 38 ғибадат үйі жұмыс істеп тұр. Атап өтсем, олардың ішінде мешіттер саны – 35, православ шіркеуі – 1, «Маңғыстау облысындағы христиандық жаңа апостолдық шіркеуі» – 1, «рақым сөзі» інжілдік мәсіхші баптистер қауымының шіркеуі – 1.
Ержан Бақытжанұлы,
Исламтанушы, теолог