Ақтауда Қ. Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханасындағы арнаулы бөлімнің әлеуметтік қызметкері Саида Құсайынова балаларға арналған кітапшалар мен ертегілерді брайль жүйесінде дайындап шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғадық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
-Балалар жаңа жылға сыйлықтар күтеді. Көңілдерін көтеру үшін мен де тырысқым келді. Балаларға арналған бұл кітапшалар қол моторикасын дамытып, олардың оқуға қызығушылығын арттырады деп сенемін, - деді Саида Құсайынова.
Саида Құсайынова 30 жаста. 2019 жылдан бері кітапхананың арнаулы бөлімінде әлеуметтік қызметкер ретінде брайльдан балаларға қосымша сабақ жүргізеді. Ол Орал қаласындағы зағип және нашар көретін балаларға арналған мектептің түлегі.
-Саида «Аманат» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы аясында кітапханамызға жұмысқа орналасты, - дейді Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған филиалының бөлім меңгерушісі Гүлфаризат Үйсінбаева.
Айта кетейік, Саида Құсайынова барлығы 8 кітапша дайындап шыққан. Оның 5-і – ертегі, 2-і – балалардың қызығушылығына қарай( Түрік қағанаты мен Моцарттың өмірбаяны) және 1-і – көрнекі құрал.