Қала тұрғындарымен өткен есептік кездесуде түрлі мәселелер талқыланды. Қолданысқа жақында берілсе де сапасы сын көтермейтін тұрғын үйлерге қатысты наразылықтарын айтқан тұрғындарға қала әкімі жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кездесуге келген 34ш/а тұрғыны қордаланған мәселелермен бөлісті. Оның айтуынша, 34ш/а 17 үйдің бір қапталы опырылып тұрғанына бірнеше жыл болған. Ал шағын аудан ішіндегі жолдардың сапасы сын көтермейді.
- 34 ш/а 17 үй қолданысқа 2018 жылы берілді. Ал 1 жылдан соң үйді қаптаған бөліктің бір қапталы түсіп қалды. Алғашында қалыпқа келтіріп, жасап берген. Жарты жылға жетпей бұл жағдай тағы қайталанды. Жан-жаққа арызданып едік үйді салған құрылысшыны таппады. Қазір үйдің сырты опырылған күйі тұр. Жел болса – цемент ұшады, қорқып, үрейленіп өтеміз. Шағын аудан депутаты да кездесу ұйымдастырмайды, танымаймыз. Мәселемізді қалалық ТҮКШ бөліміне, депутатқа, әкімдікке хат етіп жаздық. Бұдан бөлек 34ш/а жанынан 38ш/а салынуда. Жаңа шағын аудан құрылысы бітуге жақындады. Бірақ асфальт жол жоқ. Осы құрылыс аумағына қатынайтын ауыр жүк көліктері біздерді шаңға орап, қолайсыздық тудыруда. Ал ішкі жолға келер болсақ, мұнда да мәселе бар. 34ш/а 15,16,17,18 үйлер алдында 2 қабатты көлік тұрағы бар. Айналасына жол төселді. Кейін ол ескіріп, отырып қалды деп алып тастады. Дегенмен сол уақтап әкелген асфальт қалдықтарынан қайта жол төселді. Қазіргі күйі – шұрқ тесік. Ақтауға турист келуі үшін жағдай жасалуда, қаланы көрсетеміз дейді. Осындай қаланы көрсетеміз бе?"- деп қосты қала тұрғыны.
Сондай-ақ тұрғын бұл мәселе тек бір шағын ауданға емес, қалаға ортақ екенін атап өтті.
Бұл шағымға қала әкімі Ұ. Тналиев жауап берді. Аталған шағын аудандағы бұл мәселелермен жақсы таныс екенін жеткізген ол көпқабатты үй – тұрғындардың ортақ мүлкіне жататынын айтты.
«Көппәтерлі тұрғын үй – сіздердің ортақ мүлкіңіз. Мәселен, жеке жер үйде тұрсаңыз үйдің сыртын әкімдік жөндеп берсін деп күтпейсіз ғой. Көпқабатты үйлерде де солай. Оның сыртын жөндеуге әкмідікте қаржы қарастырылмаған. Қызмет көрсетуші МИБ, ПИК-пен бірлесіп, тұрғындар жиналысын өткізіп, сол жерде шешілуі тиіс. Ал өзге мәселелерге қатысты 34ш/а тұрғындарымен кездесу ұйымдастырып, бірлесе талқылайық»,- деді Ұлықбек Тналиев.
Роза Әділханқызы