Бүгін, 2 қарашада облыс әкімі Н. Ноғаевтың қатысуымен тұрғындармен есептік кездесу өтті. Жиынға келген тұрғындардың бірі қала әкімдігіне осы сауалды жолдады. Құзырлылар қазылған орындарды қалыпқа келтіру байқау жарияланып, мердігер тағайындалғаннан кейін іске асатынын жеткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қала тұрғынының айтуынша, көшеде қазылып жатқан жер көп. Ол адам өміріне қауіп төндіріп, қала көркін бұзады.
"Қаладағы қазылған жерлерді қашан, кім көмеді? ТҮКШ бөліміне бірнеше рет өтініш жасадық, жауап - жоқ. Көшедегі адам әр қадамын шұңқырға түсіп кетпейін деп қорқып басуы қажет пе?"- деді кездесуге келген тұрғын.
Бұл сауалға қала әкімі Ұлықбек Тналиев жауап берді.
"Қаладағы желілердің көпшілігі ескіргені бәріне де мәлім. Қазіргі таңда желілерде күніне 20-ға жуық ақау шығады. Қаланы сумен, жылуымен қамтамасыз ету үшін "КЖСА" МКК барынша жедел жұмыс істеуде. Қала әкімдігі тұрғындарды бірдей жылумен, сумен қамтамасыз ету мақсатында оларға ақауды тезірек тауып, қалыпқа келтіруді тапсырды. Жұмыс көлемінің көп болуына байланысты олар қазған орынды көміп үлгермейді. Сондықтан осындай кемшіліктерді жою үшін келесі жылы байқау ұйымдастырылмақ. Яғни, қаладағы қазылған жерлерді қалыпқа келтіретін мердігер мекеме анықталады", - деді қала әкімі.
Есеп беру кездесуіне келген тұрғындар бұдан бөлек көшеде орындықтардың аздығы, жарық шамдарының жоқтығы туралы да наразылықтарын білдірді.
Қала әкімдігіндегілердің айтуынша, қазір 400 орындық сатып алуға байқау жарияланған. Байқау аяқталғаннан кейін оларды орнату басталады. Ал көше жарықтарына қатысты жұмыстар мердігер мекеме тарапынан аяқталғанын айтты. Қазіргі таңда мердігердің құжаттарды қалалық құрылыс бөліміне тапсыру кезеңі жүруде. Құжаттар қабылданғаннан кейін барлығы ТҮКШ бөліміне берілмек. Осы жұмыстар аяқтала салысымен 19 және 15 шағын аудандардағы көше жарықтары қосылмақ.
- Ал қаланы жарықтандыру жұмыстары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыс әкімінің қолдауымен толық шешіледі, - деп жауап берді Ұлықбек Тналиев.
Роза Әділханқызы