Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облыстық филиалында қайта даярлау курсын оқып жүрген мемлекеттік қызметшілерге лекция өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Лекция барысында Ақтау қаласында ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Ақтау қаласының әкімі мемлекеттік қызметтегі тәжірибесімен бөлісті. Шарада мемлекеттік қызметшілер қала әкіміне сұрақтарын қойып, жауап алды.
ҚР Президентінің тапсырмасы аясында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жергілікті атқарушы орган мен халық арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Бұл тұжырымдама қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, халық қойған сауалдарға жедел түрде жауап беру тетіктері арқылы жүзеге асады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлері «Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм-чатында» тұрғындардан күнделікті түсетін сұрақтарға жауап береді. Одан бөлек, Ақтау қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы уақытылы ақпараттар шығады. Әлеуметтік желілерде апта сайын тікелей эфир өткізіледі. Мұның барлығы тұрғындардың дер кезінде сұрақтарына жауабын алу мақсатында жүзеге асырылып отыр, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев.