Бәйге басталғалы маңғыстаулық Көкмойнақ командасы 150 шақырымды жүріп өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жорық бағдарламасына сәйкес, бүгін командалар Қорғалжын ауданындағы Нұра өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Бытығай кесенесіне жетулері тиіс.
“Екінші күннің нәтижесінде 150 шақырым жеңімпазы Көкмойнақ командасы болды. Бүгін осыған байланысты алғашқы кубокті берді. Әр 100 шақырым сайын жеңімпаз анықталып отырады. Адай жылқыларының қарқыны мықты”, - деді Алдаберген Сабырғали.
Ал Қостанай облысының шабандоздары екінші болса, жетісулықтар үшінші келді. Шымкент қаласының, ШҚО және БҚО командаларының бір-бір жылқысы жарыс жолынан шығып қалды.
Айта кетейік, республикалық марафон-бәйге биыл екінші мәрте өткізіліп жатыр. Мәреге, яғни Түркістан қаласына дейін бірінші болып жеткен команда мүшелері 30 млн теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. Екінші орын иегерлеріне 20 млн және үшінші орын алған командаға 15 млн теңгелік жүлде беріледі.