Ақтауда этномәдени орталықтардың мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен діни конфессиялардың өкілдеріне арнап сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жиын өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиынға Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбеков, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Маңғыстау облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин және Маңғыстау облыстық Әділет Департаменті басшысының орынбасары Айзат Тіленбаев қатысты.
Семинар барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың аспектлері және «Антикор волонтеры» жобасы айтылды. Сонымен қатар «Мемлекет ұсынатын тегін заң көмегі» туралы ақпараттар берілді.
Маңғыстау облыстық Әділет Департаменті басшысының орынбасары Айзат Тіленбаевтың айтуынша, тегін құқықтық көмек зейнеткерлерге, көпбалалы отбасына, табысы кедейлік шегінен төмен адамдарға, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне беріледі.
- Тегін құқықтық көмек алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, босқын немесе қандас мәртебесін алу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмілетке толмағандарға, асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу, сексуалды зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшырағандарға құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойыншп көмек көрсетіледі. Аталған тегін құқықтық көмек заң консультанттары және адвокаттармен ҚР "Адвокаттық қызмет және жаң көмегі туралы" Заңының 26 бабының 2 және 3 тармақтарына сәйкес ауызша және жазбаша консультация беру, сотта және мемлекеттік органдарда мүдделерін қорғау және білдіру түрінде көрсетіледі, - дейді Айзат Тіленбаев.
Сонымен қатар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Маңғыстау облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин жиналғандарды «Антикор волонтеры» жобасына қатысуға шақырды.
- «Антикор волонтеры» жобасы 4 бағыт бойынша іске асады. Атап айтқанда, қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеу және ағарту, Pro bono волонтерлік, яғни кәсіби көмек көрсету және корпоративтік ерікті болуға болады. Бұл өз кезегінде қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға, сондай-ақ жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептерді және олардың салдарын жоюға септігін тигізеді, - дейді Біржан Хайруллин.