«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Жаңаөзен қаласында орналасқан 5548 әскери бөлімінің базасында кинолог мамандары сынға түсті. Жарысқа Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларынан келген жалпы саны 6 команда, 19 кинолог маман қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сайыстың мақсаты - мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру, жұмыс тәжірбиесімен, дағдыларымен алмасу сондай-ақ кинология қызметкерлері арасында үздік маман мен үздік команданы анықтау.
Жарыс екі күнге созылып, бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы күні кинолог мамандарының теориялық білімдері тексерілсе, жарыстың екінші күні мамандар иттермен әртүрлі тапсырмаларды орындады. Жарыс барысында қызметтік иттердің жарылыс және есірткі заттарын іздеудегі шеберліктері сыналды. Сайыс барысында берілген тапсырманы мүлтіксіз орындағандары жоғарғы баға алды.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды 5517 әскери бөлімі (Орал қаласы), 2-орынды 6655 әскери бөлімінің командасы (Ақтөбе қаласы), ал жүлделі 3-орынды 5548 әскери бөлімінің (Жаңаөзен қаласы) кинолог мамандары иеленді.
Кинолог мамандардың айтуынша, Ұлттық ұлан әскері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, түзеу мекемелерін күзеткендіктен жауынгерлік қызметте осындай иісшіл иттердің қосар үлесі зор. Сондықтан қызметтік иттердің әрдайым бабында болуы ел қауіпсіздігі үшін маңызды.
- Әр кинолог маманда бекітілген жеке иті бар. Олар күнделікті бірге жаттығып, қызметке кіріспестен бұрын арнайы оқу-жаттығудан өтеді. Күнделікті кәсіби міндеттерін дамыту мақсатында дайындықтың маңыздылығы зор. Әскери бөлімдерде орналасқан кинология қалашығында қызметтік иттерге арналған орыннан бөлек жаттығуға арналған қалашықтар бар. Ол жерде мамандар қызметтік иттердің шыдамдылығы мен ширақтылығын, физикалық күші мен төзімділігін шыңдайды. Біз екі күнге созылған жарысымызда қызметтік иттердің жауынгерлік қызметке қабілеттілігін тексердік. Мұндай жарыстар кинолог мамандарының біліктілігін арттырып, қызметтік иттердің қабілетін одан әрі дамытады деді,- «Батыс» өңірлік қолбасшылығының кинология қызметінің бастығы подполковник Максим Попов.
Айта кетейік, жыл басынан бері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында қызметтік иттердің көмегімен 20-дан астам қылмысты ашып, әртүрлі сипаттағы құқық бұзушылықтың алдын алған.