Филология ғылымдарының профессоры Бибіайша Нұрдаулетова көшпенді түркі халықтары үшін жылдың басы қаңтардан емес, наурыз айынан басталатынын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты өңірлік Маңғыстау телеарнасына сілтеме жасап.
- Амал мерекесі неліктен 14 наурыз күні тойланады? Себебі, бүкіл табиғи құбылыс біздің өміріміз бен шаруашылық, тұрмысымызға ықпал етеді. 14 наурыз күні күн мен түн теңеседі. Ғаламтор желісінен таңның атуы мен күннің батуын қарайтын болсаңыздар, 14 наурыз күні таң сағат 07:39-да атады, күн кешкісін 19:39-да (1-2 минут айырмашылығы болуы мүмкін) батады. Бұл күн мен түннің теңелуін көрсетеді. Қалың қар жаумағанмен, наурыздың ақша қылаулап, күн суытып, өз белгісін береді, - дейді филология ғылымдарының профессоры Бибіайша Нұрдаулетова.
Тамара Жұмалиеваның сөзінше, Маңғыстау даласы мұнай шикізаты шыққанға дейін, мыңғырған малдың өлкесі болған.
- Сенсеңіз, Маңғыстау өңірінде көже деген сөз болған жоқ. Күні кешегі 1960 жылдары мұнай шыққанға дейін, мыңғырған малдың өлкесі болды. Сондықтан ақ мол болсын дейді. 14 наурыздың алдында төлдеген түйенің уызын жинап, семіз қойдың бүйеніне құйып, Амал мерекесінде дастарханға қойғанын өз шешемнен бірінші рет көрдім. Одан кейін көрмедім, - дейді Мәдениет саласының ардагері Тамара Жұмалиева.