Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында балалардың құқығын қорғау туралы брифинг өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бала құқығын қорғау және қоғамда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. 1989 жылы алғашқы рет бала құқығын қорғау конвенциясы қабылданды. Конвенцияның 54- бабында балаларға өктемдік көрсетуден қорғау, отбасы өмірінің тыныштығын сақтау, өз пікірін еркін білдіру көрсетілген.
- Елімізде 2002 жылы баланың құқықтары туралы заң қабылданды.Өз басым Маңғыстау өңірі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты мығым ұстанатын, қазақылық қаймағы сақталған өлке деп білемін. Қазақы отбасы құндылықтары сақталған, әке, ана және баланың арасындағы өзара сыйластыққа негізделген байланыс орнаған. Біз осы құндылықтарымызды ұлықтауымыз керек. Ата-ана жұмыстан бөлек балаға көбірек көңіл бөлгені дұрыс. Себебі тәрбие отбасынан басталады. Ол үшін өзіміз де үлгілі ата-ана болуымыз керек қой. Ата-ене, әже үлкендерімізге деген сыйластықты арттыра беруміз қажет, - деді Маңғыстау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Тілектес Болатбаева.
2009 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы ҚР заңы қабылданды. Алайда заңға бірнеше өзгерістер енгізілген. Аталған заң қайта қаралғаннан кейін 2024 жылы 15 сәуір күні бірнеше заңға қол қойылды. Яғни ҚР кейбір заңнамалық актілерде әйелдердің құқықтары және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
- Бұл заңдар зорлық-зомбылық, суицид секілді жағдайлардың алдын алып, отбасы институтын қалыптастыруға септеседі. Мәселен балалар буллингі үшін 10 АЕК тен 30 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар балаларға зорлық- зомбылық көрсеткендер өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бала не талап қойса да елпілдеп, айтқанын да, айтпағанын да алып беруге болмайды. Өйтпеген жағдайда бала ысырапшылық әдетке дағдыланып қалады да, басқалардың еңбегін қадірлеуді білмейтін болады. 25 мамыр мектеппен қоштасу күнінде тізбектелген жеңіл көліктерде түлектер машина терезесінен денесін шығарып, қолдарын көтеріп келе жатқаны немесе қымбат машиналар кортежін ұйымдастырғанын мысал ретінде айтуға болады, - деді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Светлана Әлібекова.
Брифинг барысында Асылбек Шаров жаз мезгілінде ішек инфекциялары жиі кездесетінін айтты. Сондықтан балалардың дұрыс тамақтануын қадағалаған жөн.
- Тамақ өнімдерін кездейсоқ адамдардан, күмәнді, рұқсат етілмеген жерлерде, көшелерде сатып алмау керек. Өйткені оның жарамдылық мерзімі өткен, ішек және паразиттік инфекциялардың қоздырғыштарымен ластанған, бүлінген өнім болуы мүмкін. Саяхатқа, жорықтарға шыққанда, лагерьге барғанда балаларға тез бұзылатын тағамдарды, оның ішінде үйде дайындалған тағамдарды, лимонадтарды, үлкен пакеттердегі шырындар, консервілерді беруге болмайды. Азық-түлікті сақтаудың қажетті шарттары мен мерзімдерін сақтамау тамақтан улануға және ішектің жұқпалы ауруларына әкелуі мүмкін, - деді Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров.
Сонымен қатар, МО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция инспекторы Алмас Сәлімбаев пен МО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Жайнат Ауесбаев жаз мезгілінде балалардың құқықбұзушылықтар жасамауы үшін ата-аналарға балаларды жіті қадағалауды тапсырды. Өйткені балаларды қараусыз қалдырудың нәтижесі оқыс оқиғаларға әкелетінін жеткізді. Сонымен қатар, өрт және суға шомылу қауіпсіздігін сақтау қажеттілігін де ескертті.