Ақтауда тұңғыш рет "Tae Kwon Do - GTF" тұжырымы бойынша "Caspian Cup - 2023" республикалық турнирі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарысқа Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар облыстары және Астана мен Шымкент қаласынан келген 200-ден аса спортшы қатысты. Турнирге қтысушылар хёнг - формальды кешендер және массоги - спаррингтік жекпе-жек бойынша сынға түсті.
Бүркіт Исакұлы баптаған таэквондошылар 20 алтын, 10 күміс, 21 қола медальмен командалық есепте бірінші орынға шықты. Павлодар облысының намысын қорғаған спортшылар 8 алтын, 9 күміс, 7 қоламен екінші орынды жеңіп алды. Шымкент қаласы 8 алтын, 2 күміс және 3 қола медальді қанағат тұтып, үшінші орынға тұрақтады.
"Осы турнирді Маңғыстау жерінде өткізуге атсалысқан барша спорт жанашырына алғысымыз шексіз. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Барлығының дайындығы керемет. Болашағынан зор үміт күттіретін жалынды жастардың өсіп келе жатқандығы қуантады. Болашақта ірі халықаралық жарыстар Маңғыстау жерінде өтетініне сенім мол", - деді "Taekwondo - GTF" қазақстан ұлттық федерациясының президенті, қара белбеу 5-ші дан иегері Қален Сұлтанғазин.
Жаз мезгіліне қарамастан таэквондошылар демалысты спорт залдарында өткізбек. Жуырда оқу-жаттығу жиыны басталады.
Алда Солтүстік Кипрде Еуропа чемпионаты өтеді. Қазан айында АҚШ астанасы Нью-Йорк қаласында Әлем чемпионатының жалауы желбіремек. Елдің ұлттық құрама командасы сапында маңғыстаулық балғын таэквондошылар өнер көрсетпек.
"Біз үшін турнирді өткізу үлкен сынақ болды және бұл сынақтан сүрінбей өттік деп айта аламын. Ұл-қыздарымыз үлкен тәжірибе жинады. Бізге сенім артып, спорттық жарысты күнтізбелік жоспарға енгізгені үшін республикалық федерацияға алғыс айтамын. Сондай-ақ, осы жарыстың өтуіне атсалысқан ата-аналар комитеті, достарым, демеушілерге рақмет. Алда жоспар көп, әрдайым жеңісті күндерде жолыққанша", - деді Маңғыстау облыстық "Taekwondo - GTF" ұлттық федерациясының президенті, қара белбеу ІІІ дан иегері Бүркіт Исакұлы.