Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 19 шағынауданда салынған ішкі автомобиль жолдарын тексерді. Бұған дейін тұрғындар әкімнен жол салып беруін сұраған еді. Бүгінгі таңда аталған шағынауданның ішкі автомобиль жолдарын салу аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір ішкі жолдарлың құрылысы толықтай аяқталып, жаяу жүргіншілер жолын салу басталды. Сонымен қатар автомобиль жолдарында 7 дана суағар орнатылған.
-Құрметті тұрғындар, осыған дейін біз сіздермен кездескен едік. Сол кезде бірнеше ұсыныс айттыңыздар. Осыған сәйкес біз бүгінгі күні жұмыстарды жасап жатырмыз. Жалпы 19 шағынауданда ұзындығы 2968 метр асфальт пен 5936 метр жаяу жүргінші жолы салынды. Жұмыстардың барлығын мердігер мекеме орындады. Тұрғындар тарапынан «Батыс» тұрғын үй кешені мен «Royal House» тұрғын үй кешені арасында жол мәселесі көп айтылған еді. Сіздердің ұсыныстарыңызға сәйкес осы жұмыстар да атқарылып жатыр. Менің тұрғындарға бір өтінішім бар. Осы жолда жылдамдықты асырмау мәселесін қадағаласаңыздар. Себебі жұмыстар рет-ретімен жалғаса береді. Енді осы автомобиль жолына жол белгілері мен сызықтар(разметка) саламыз. Сондықтан сіздерден жол ережелерін сақтауды сұраймыз, - деді қала әкімі.
Бұдан бөлек қала әкімі 19 шағынауданда салынған блоктік-модульдік қазандық(БМК) пен «Жайлы мектеп» жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан мектеп құрылысымен танысты.