Маңғыстау облысының ТЖД жедел тобы су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысына көмек көрсетіп жатыр. Екі күннен бері су тасқынына тосқауыл қою үшін бөгеттер қойып, тұрғындардың үйін судан тазартып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтөбе облысына облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 52 адам, 5 бірлік техника және 8 мотопомпа жіберілді. Ал Батыс Қазақстан облысында 46 адам, 5 бірлік техника, 8 бірлік мотопомпа және 2 бірлік үрмелі қайықпен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Нақтыласақ, Ақтөбенің Мұқан тау дамбасына бөгеттер қойылды, Шұбарқұдық, Қобда ауданы тұрғындарының үй ауласында су соры жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 55 куб.метр су шығарылып, тазартылды. Қобда мен Хабаловка тас жолына 700-ге жуық қап қойылды және арнайы техниканың көмегімен еріген қар суының ағысы тоқтатылды», - дейді ТЖБ бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов.