Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе ауылында 3,5 шақырым жылу құбыры жаңарады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шетпе ауылындағы орталық жылу жүйесін жөндеуге жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы (244,1 млн) «Ниязбек Строй» ЖШС мердігер мекемесі жұмысын бастап кетті.
Мердігер мекеме 1965 жылы салынған орталық жылу қазандығы (котельный) ғимаратын жөндеп, жылу қазандық пештерін жаңартады. Сонымен қатар пайдаланусыз тұрған ескі 26 метр мұржаны бұзып алып тастайды және орталық қазандықтан жылу тарататын 3,5 шақырымдық құбырды жаңартады. Яғни, екі қабатты 23 этаж үйлер, Б.Жұмалиев, Шетпе гимназиясы, спорт, өнер мектептері, педагогикалық- психологиялық түзету кабинеті, Балбөбек, Балдырған бөбекжайлары мен барлық әкімшілік ғимаратқа баратын жылу құбырлары толық ауыстырылады.
Жылу маусымы кезеңінде қалыпты қысымды сақтамауы, жерасты құбырлардың жарылуы, ғимараттардың бірқалыпты температурамен жылынбауы сынды ақаулар көптеп кездесетін еді. Сондай-ақ көпқабатты үйлер тұрғындары тарапынан әкімдердің есептік кездесуінде, әлеуметтік желілерде жиі сұрақтар жолданды.
Осыған дейін 3,5 шақырым жер асты жылу құбырының кейбір бөліктерін ауыстыру, қайта жалғау сияқты белгілі бір аумақтарға жөндеу жасалынып келгенімен, мамандар пікірінше 50 жылдан астам уақыттан бері толық жөндеу көрмегендігі айтылуда.
Басталған жұмыс алдағы жылу маусымына дейін толық аяқталады деп күтілуде.