Бүгін Ақтауда оқушылар сарайында Қазақстан президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облыстағы білім беру ұйымдарының директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Еркін форматта өткен кездесуде президент кеңесшісі кез келген пікірге, диалогке дайын екенін жеткізді.
«Ұстаздармен кездесу үшін Маңғыстауға елордадан арнайы келіп отырмын. Бұл - «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» дейтін тұжырымдамаға сәйкес өтіп жатқан кездесу. Сіздер бұрын президент кеңесшісімен кездеспедіңіздер, білемін. Бұл – президенттің тапсырмасы. Біз әрқашан халыққа жақын болуымыз керек. Айтар ұсыныс, тілектерді тыңдауымыз керек», - деді Мәлік Нұржанұлы.
Түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын облыстық мектеп-интернаттың директоры Ескендір Кумбаев президент жолдауындағы кадр, «жайлы мектеп» аспектілеріне ерекше мән беріп, мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.
«Елімізде су, өрт апаты болды. Мәселелерді зерттеп көргенде, кейбір себептерді маман тапшылығына тірелді. Президент мәселені өз бақылауына алып, түлектер көп бара бермейтін, су, орман шаруашылығы мамандықтарының беделін көтеру үшін әлеуметтік жағдай жасап, марапат бермек. Мамандық таңдау мектептен басталады. Мектептің жағдайы жақсы болуы керек. Маңғыстауда көптеген жаңа мектептер салынып жатыр. Демография да қарқынды дамып жатыр. Жақында Ақтауда он шақты жаңа «жайлы мектеп» қолданысқа беріледі. Олардың бірнешеуі арнайы қорлардан, біршамасы «Самұрық Қазына» әл-ауқаттық қорынан қаржыландырылады. «Жайлы мектеп» жобасы жолдауда айтылды. Жобаға қаржы бөлініп тұр, негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептерінің деңгейін теңестіру. Үкімет жағдай жасап жатыр», - деді директор.
Жолдаудан бөлек, елдегі реформалар жайлы сөз қозғаған кеңесші саяси мәдениет жолында президент бастамасы туралы сөз қозғады.
«Президенттің бастамасымен мемлекетте жаңа реформалар жалғасып жатыр. Негізгі саяси реформа – біздің саяси мәдениетімізді дамыту, өзгерту. Саяси мәдениетімізді дамыту жолында халық пен үкіметтің арасында сұхбатты әрі қарай арттыру және дамыту. Өздеріңіз білесіздер, қазанның алтысында АЭС салу бойынша үлкен референдум өткелі отыр. Барлығымыз Қазақстан азаматы ретінде референдумға қатысамыз, өз таңдауымызды жасаймыз. Бұл болашақ үшін қажет шешім болғандықтан, үкімет өз тарапынан құра салайық деген жоқ, халықпен ақылдасайық деді. Елдің пікірін тыңдайық, ел өзінің таңдауын жасасын деді. Бұл да жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуы деп қабылдаңыздар» - деді Мәлік Отарбаев.