Бүгін Ақтауда Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында, Мұнайлы ауданындағы мемлекеттік жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында өткен «Әбіш оқулары» байқауының жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Бұл байқауды «QC Holding» құрылыс компаниясы «QC Read» жобасы аясында ұйымдастырып, қолдау білдірген.
Байқаудың мақсаты – ұлттық әдебиет пен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған кемеңгер қаламгердің шығармашылығын өскелең жас ұрпаққа насихаттау.
Марапаттау кешіне «Qazaqztan Constrauction Holding» ЖШС директоры, «Әбіш оқулары» байқау идеясының авторы мен демеушісі Нұралхан Әмірханұлы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Сара Ноғаева, өңірлік Жазушылар Одағы филиалының басшысы Әнуарбек Бимағамбет, ақын, өлкетанушы Сұлтанбек Құдайберген, сазгер Есенбай Құли, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әділет Қабылов, әнші Айгүл Құбаш, және елімізге белгілі журналистер Алмас Алтай мен Бекзат Жүсіп қатысты.
«XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихында есімі алтын әріппен жазылатын заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын, жазушылық өнерін дәріптеу, оқушылар арасында насихаттау – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Бір қуанатын жағдай бизнес саласында жүрген азаматтардың осындай әлеуметтік жобаларды қолдауына қатысты ерекше ықыласына алғысымды білдіргім келеді. Бұл бастама тоқтап қалмай, еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ әдебиетшілерінің мұрасы мен алтын жауһар туындылары кең насихаттала беруіне тілектеспін. Биыл өлкемізден шыққан кемел ойлы жазушы Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдық мерейтойы аясында облыс аумағында көптеген танымдық шаралар мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар, халықаралық театр фестивалі өткізілгелі отыр. Баршаңызды осы шараларға қатысуға шақырамын», - деді Нұртас Сали.
«Әбіш оқулары» байқауына 8-11 сынып аралығындағы 75 оқушы қатысқан. Оқушылардың талабы мен талантын лайықты бағалауға тырысқан, әділ-қазы алқасының төрағасы, Yessenov University профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әділет Қабылов осындай үлкен жобаны қолға алып, жазушының шығармашылығын насихаттауға мұрындық болған кәсіпкер Нұралхан Әмірханұлына өз алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
«Байқау негізінен 3 кезеңнен тұрды. Әбіш көкеміздің 5 повесі бойынша жұмыс істедік. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша екінші кезеңге 27 оқушы өтті. Үшінші кезеңге 22 оқушы өтіп, жазушының «Шыңырау» повесі бойынша эссе жазды. Сол жанр бойынша қорытынды шығардық. Балалардың талпынысы өте жақсы. Жан-жақты қарап, тексеріп, салыстырып, әділ бағалауға тырыстық. Бағалау критерийлері бойынша 1,2,3 орындарды анықтадық. Жүлдегерлерді құттықтаймыз», - деді Әділет Қабылов.
Жиында Мұнайлы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, елімізге белгілі сазгер Есенбай Құли сөз сөйлеп, Әбіш Кекілбаев тұлғасы турасында аз-кем ойымен бөлісті.
«Бұл – біздің ана тілімізге, ұлттың мәйегіне, өсімтал-өрімтал жастарымызға қаламгердің шығармашылығын дәріптейтін үлкен байқау. Әбекеңнің көзін көрдік. Сондай энциклопедист ғалым, кемеңгер Кекілбаевтың қазақ руханиятында алатын орны бөлек. Әбіш ағамның мерейлі 70 жылдығы күні кеше ғана өтіп еді. Сонда мен Әбіш Кекілбаевтың «Дүние ғапыл» жыр жинағының ішінен «Дәуренім менің» атты өлеңіне саз шығардым. Әбіш ағамның «Мен Маңғыстауда тумай, басқа жерде тусам, өзге адам болуым мүмкін еді. Маңғыстаудың әр тасы – қағбам, әр бұтасы сәждем», - деген сөзі бар еді.
Әбіш ағамыз дағыстандық ақын Эффенді Қапиевтің бір жырын былай аударады:
«Көрімнің топырағы сорығады,
Сен мені ұмытасың асыл ана,
Бауыр да мені аңсаудан торығады,
Шөп шығар қабірімнің басына да,
Тоқтатар әйелім де зарлы үнін,
Достар да тарар тағдыр сапарына,
Жалғанда ұмытпас тек жалғыз ұлым,
Жатқанша өзімнің кеп қатарыма». Осы аударма күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Аудармашы автор жырынан асырып, аударды десек те болады. Сондықтан әлі келген алып та, шалып та жығады демекші, дүниеде Әбіш ағам үңгімеген ғылым жоқ. Еліміз Әбекең секілді аймаңдай ұлдарын әлі де туғыза берсін», - деді Есенбай Құлиев.
Аудандық «Әбіш оқулары» байқауының нәтижесі бойынша үшінші дәрежелі орынды Перизат Мұрат, екінші дәрежелі орынды Жайдары Мәлік, ал бірінші дәрәжелі орынды Айханым Мұхамбет иеленді. Байқау жеңімпазына Iphone 15 Pro смартфоны табысталды. Екінші, үшінші дәрежелі орын иелеріне де бағалы сыйлықтар табыс етілді.