Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) Түркия және Орталық Азия бойынша директоры Вибке Шлемер бастаған делегациямен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Кездесу барысында IFC делегациясы Қазақстандағы өз қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды. Бұған қоса, Маңғыстау облысындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Кездесуде Шлемер ханым Маңғыстау облысында экономиканың түрлі саласын дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыруда халықаралық корпорация қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай екі жақты ынтымақтастық инвестициялар тарту және облыстың одан әрі экономикалық өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
- Бізге су тұшыту зауыттарын салуға және өзге де салаларды дамытуға шет елдік инвесторлардан ұсыныстар өте көп түседі. Бұл аймақтың тұрақты даму әлеуетін көрсетеді. Әрине, мәселелерді шешуге бағытталған өз жоспарларымыз бар. Дегенмен, Маңғыстау облысына инвестиция салғысы келетіндерге есігіміз әрдайым ашық. Бұл бағытта Халықаралық қаржы корпорациясы жаңа мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын, - деді Нұрдәулет Қилыбай.