Кеше облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданындағы 150 орындық орталық аудандық аурухананың құрылыс жұмысымен танысып, мердігерлермен бірге туындаған мәселелерді талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Маңғыстау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айдос Хамиевтың мәліметінше, аудандық аурухананың құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылдың 11 наурызында басталып, 2023 жылдың 11 сәуірінде аяқталуы тиіс болған. Алайда, құрылыс материалдарының, медициналық жабдықтарының қымбаттауына, сондай-ақ кейбір медицина жабдықтарының нарықта болмауына және жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты нысанды тапсыру уақыты 31.12.2024 жылға дейін ұзартылды.
Қазіргі таңда жұмыс көлемінің 75%-ы орындалған.
Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрдәулет Қилыбай нысанның қазіргі жағдайымен танысып, құрылыстың сапасына аса мән беріп, мерзімінде бітіруді тапсырды.
- Бұл Мемлекет басшысының бақылауында тұрған нысан. Құрылысты уақытында аяқтау маңызды, бірақ асығамыз деп, сапасына мән берілмей қалмау керек. Халық игілігіне арналған нысан, халыққа қызмет ету керек. Барлық жұмыстар уақытылы, жоғары деңгейде орындалуы тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.