Ораза Һәм денсаулық пен тазалық
11 наурыз, 12:46 | Маңғыстау жаңалықтары
Биылғы наурыз айының 11-нен қасиетті Ораза айы басталады. Қасиетті рамазан айы – рухымыздың тұрақтылығымен сыналып, тазаратын маңызды ай. Бұл айда ауызашар беріліп, үйге қонақ шақырылады. Ораза күндері денсаулыққа қауіп төндірмеу үшін тамақтану сапасына назар аудару қажет.
Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті барша облыс тұрғындарын жарқын Рамазан айымен құттықтайды және ораза айында жаппай тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының алдын алу мақсатында бірнеше кеңестерді ұсынады. Бұлар:
- тағам сатып аларда қаптаманың тұтастығына, өндіру мерзіміне, жарамдылық және сақтау мерзіміне көңіл бөліңіз;
- өнімді қаптамада көрсетілген өндіруші ұсынған мерзімге дейін сақтаңыз;
- тағамды тек жаңа өнімдерден дайындаңыз;
- салатқа арналған көкөністерді кешкісін дайындап, салқындатып, тоңазытқышта сақтаңыз және ауызашар басталуына 2 сағат қалғанда турап, ұсынар алдында араластырыңыз (мүмкіндігінше өсімдік майымен);
- кондитерлік өнімдерді, кремді торттарды бөлмеге алдын ала қоймаңыз, сақтау барысында температуралық режимді сақтаңыз;
- ауызашар дастарқанынан кейін тез бұзылатын тағам қалдықтарын тастап, жаңадан дайындаңыз;
- тағам дайындау барысында температуралық режимді сақтаңыз;
- жеміс-жидектерді мұқият жуыңыз;
- тағам дайындау барысында жеке бас гигиенасын сақтаңыз;
- үй жағдайында дайындалған консервіленген көкөністерге ерекше назар аудару қажет. Консерві қақпағының бүлінгені, яғни бомбаж байқалса немесе өнімнің сапасына қандай да бір күдік туындаса, өнімді қолданудан бас тартыңыз;
- көшеден, рұқсат етілмеген жерден, үйде дайындалған консервілерді, сондай-ақ үйде дайындалған ет және балық өнімдерін сатып алмаңыз.
- шикі және дайын өнімдерді турау үшін пышақтар мен кесу тақтайларын бөлек, жеке пайдалану керек;
- көкөніс, жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуу қажет;
- салат, тартылған ет өнімдерін аз мөлшерде дайындап, бір күннен артық сақтамаңыз;
- тағамдарды, әсіресе ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізіңіз;
- таңбалаусыз және өндіруші туралы мәліметтерсіз, сақтау мерзімі мен шарттарынсыз, әсіресе тез бұзылатын тамақ өнімдерін сатып алмаңыз.
Есіңізде болсын, тамақ өнімдерін қайта мұздатуға болмайды. Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері уақтылы медициналық бақылаудан өтіп отыруы тиіс.
Жеткізу кезінде өнімдердің, тауарлардың жақын орналасуына (көршілес тауарға) назар аударыңыз. Шикі және дайын өнімдер бөлек жеткізілуі тиіс.
Рамазан айында ағзаңызды әлсіретіп алмау үшін күнделікті тағамыңызға жаңа көкөністер мен жемістерді қосып, көп сұйықтық ішіп, тұздың мөлшерін азайтып, тағамыңыздың дәмін келтіру үшін тұздың орнына ащы емес дәмдеуіштерді, құрғақ қыша, жуа, қызанақ қолдануды ұсынамыз.
Дендеріңіз сау, оразаларыңыз қабыл болсын.
Баян САТҚАНБАЕВА,
Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің тағам нысандарын бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы
366
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.