Жақында Instagram желісінде жергілікті жұртшылық “алтыбақан” деп атап кеткен суға секіретін орындағы жасөспірімдердің видеолары жария болды. Аппараттық жиында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев тиісті мемлекеттік органдарға бір апта ішінде иесіз құрылымды алып тастауды тапсырды, деп хабарлайды mangystayumedia.kz сайты.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұхановтың айтуынша, тұрғындардың суға түсуге үйреншікті, бірақ қауіпті тағы бір жері – 4-шағын ауданның жағалауындағы «тарасик» орны.
- 1 маусымда республика бойынша суға түсу маусымы басталады. Дегенмен, маусым басталмай жатып-ақ облыста 5 адам құтқарылды, оның 2-уі жасөспірім. Өлім жағдайлары болған жоқ. Демалыс орындарының сұранысына сәйкес құтқарушылар 13 суға түсу алаңының түбін зерттеп, тазартты. Жұмыс жалғаса береді. Акваторияның қауіпті учаскелерінде жедел-құтқару жасағымен күн сайын 7 жылжымалы бекет кезекшілік етеді. Департаменттің құрылғылары теңіз жағалауын бақылау үшін де қолданылады. Еріктілерді тарта отырып, жағалаудағы патрульдердің бірлескен кестесі әзірленді. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің қолданыстағы қаулысына сәйкес 47 жағажайда суға түсуге рұқсат етіліп, 9 нысанда суға түсуге тыйым салынған. Қауіпті орындардың қатарында – «тарасик» бар. Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын көрсететін қабырға суретін, полицейлерге қосымша бейнебақылау камераларын орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, – деді Мұрат Мұханов.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін атап өтіп, бұл жұмыс саласын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өткен жылы суда 11 адам қаза тапқан, оның біреуі - бала.