Бүгін, 15 желтоқсан күні аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев “Үздік педагог” байқауының республикалық және облыстық жеңімпаздарымен кездесіп, еңбегімен еленген мамандарды марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, аймақтағы білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, еңбегін қолдау мен ынталандыруды мақсат еткен мұндай кездесу облыс әкімінің қатысуымен өңірде алғаш рет өтуде. Бүгінгі кездесуге мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту арнаулы бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан 9 педагог те қатысты.
Жиында аймақ басшысы педагог мәртебесінің маңыздылығын айтып, ұстаздарға жасалып жатқан қолдауларға тоқталды.
-Бүгінгі кездесуіміз Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, баршаңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет», деген болатын. Бүгінде облысымызда 23 мыңнан астам педагог бар, оның 50%-ға жуығы жаңа біліктілік талаптары санатына ие. 10 жыл қатарынан өткізілген республикалық «Үздік педагог» байқауында өлкеміздің 35 педагогі жеңімпаз атанды. Бұл -жоғары көрсеткіш. Алда Сіздер бағындырар белестер әлі де көп. Облысымыздың білім сапасын арттыруда атқарып жүрген еңбектеріңіздің игілігін көріңіздер, - деді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.
Кездесуде педагогтар өз жобалары туралы кеңінен баяндады. Робототехникадағы жаңа бағыттар, асық терапиясы, даму бұзылыстары бар оқушыларды білім, еңбекке баулу сынды әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін шыңдау,білім беру жүйесіндегі әдістер жайында сөз қозғап, аймақтағы білім саласының өзекті мәселелері жөнінде ойларын ортаға салды.
Шара соңында Нұрлан Ноғаев барлық үздік педагогтер мен бүгінгі кездесу спикерлеріне, өңірге арнаулы бағдарламамен келген ұстаздарға құттықтау хаттар табыс етті.