Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
*****
Құрметті маңғыстаулықтар!
Баршаңызды мұсылманның ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке иманды күшейтіп, адамдарды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.
Ораза айт мейрамы - мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, қайырымдылықтың мерекесі саналады.
Бірлік пен татулыққа біріктіретін, жүрегімізді мейірім мен жасампаздыққа шақыратын ұлық мерекеде баршаңызға мықты денсаулық пен бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Қадірлі ағайын!
Биыл Ораза айт еліміздің бірқатар өңірлерін қамтыған табиғи апат күндерімен қатар келді. Біз қиын ахуалды еңсеру жолында халқымыздың бірігіп әрекет жасағанына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, осы қиын сәтте еліміздің бірлігі мен ауызбіршілігі бұрынғыдан да маңызды.
Осындай сын сағатта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл қиын күндерден де шығамыз.
Жаратқан тұтқан оразамыз бен жасаған құлшылығымызды және сауапты істерімізді қабыл етіп, келер жылғы Рамазан айына аман-есен жетуімізді нәсіп етсін.
Еліміздің ауызбіршілігін арттырып, тыныштығымызды тұрақты қылғай!
Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев