Бүгін, 9 шілдеде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен өңірдегі ауыз су тапшылығын жою бойынша жиын өтіп, мәселені шешу жолы қарастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір облыстағы су тапшылығы - шамамен 40 мың м3. Соның ішінде Ақтау қаласына тәулігіне 20-25 мың м3 ауыз су жетпейді. Осы бағытта ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде қуаты тәулігіне 147 500 м3 болатын 10 су тұшыту зауыты мен қондырғының құрылысы, 1 магистралдық су құбырын қайта жаңарту, кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осылайша жаз мезгілінің соңына дейін өңірді ауыз сумен қамту тәулігіне орташа есеппен 206 300 м3 жетеді деп жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өңірді ауыз сумен қамтып отырған мекеме басшыларына маңызды жобаларды кідіртпей, уақытылы орындауды тапсырды.
- Өздеріңіз білесіздер, өңір үшін ауыз су тапшылығы өте өзекті мәселе. Әсіресе, жаз мезгілінде сусыз тіршілік ету, тіпті, мүмкін емес. Сондықтан ауыз су көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарды аяқтауды жеделдетуді тапсырамын. Қосымша су беру мүмкіндігін қарастырып, оны тиімді пайдалану қажет. Ең бастысы ауыз су бірінші кезекте тұрғындарға берілуі керек екенін ескертемін. Содан кейін ғана өндірістік орындар, кәсіпкерлік нысандар мен көгалдандыруға су берілуі керек. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізіп, күнделікті есеп беріп отырыңыздар, - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.