Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Massaget.kz сайтына эксклюзивті сұхбат берді. Журналистің «Президентпен қашан кездестіңіз? Араларыңызда қандай әңгіме болды?» деген сұрағына жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Тағайындалғаннан кейін үш күннен соң «Президенттің қабылдауында боласыз» деген хабар келді. Мен үшін күтпеген жағдай, бұрын-соңды Президентпен көзбе-көз отырып сөйлесіп көрмеген, қабылдауында болмаған адаммын. Президенттің қабылдауында болдым. Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлының беретін тапсырмаларының барлығы - осы елдің өсуі-өркендеуі, тұрмыстық жағдайының жақсаруы. Әр саланы қозғады: медицина да бар, білім де бар. Маңғыстауда білім көрсеткіші жақсы болып тұрған жоқ. Инвестиция тарту, туризмді дамыту деген сияқты әртүрлі бағытта тапсырма берді. Мен ол кісіге қоштасардың алдында «Қасым-Жомарт Кемелұлы, рұқсат па, ішімде кетіп қалмасын, көкейімде тұрған бір сұрақ бар» дедім. «Айтыңыз» деді. Ашығын айттым. «Бұрын-соңды жоғары лауазымға қолы ұзындау, танысы бар кісілер болатын еді. Жаңаөзен деген жерде жүрген қазақтың қарапайым жігіті едім, бір күннің ішінде қалай болып кеткенін түсінбей қалдым» дедім. Ол кісі «сыртыңыздан зерттедік, сізді бір күннің ішінде тағайындап тастау немесе қолы ұзын кісілер туралы сұрағыңызға қысқаша жауабым: бұл басқа Қазақстан» деді. Мен бұл сұрақты Президентке қойдым. Екі ауыз сөзбен «басқа Қазақстан» деп жауап берді.