«Неліктен отбасындағы әйел зорлық-зомбылыққа шыдап жүре береді, зұлым күйеуінен неге ажыраспайды?» деп көбіне озбыр адамға кездеспегендер сұрайды. Психологтар mangystaumedia.kz журналисіне берген сұхбатында неліктен мұндай әйелге озбыр адаммен қарым-қатынасты біржола үзгеннен гөрі, төзіп жүре беру оңай болатынын түсіндірді.
Журналист: Бәлкім бұл сұрақты зорлық-зомбылық туралы көрген, естіген, оқығандардың бәрі қоятын шығар. Неге ол ажырасып кетпейді? Неліктен тек физикалық емес, психологиялық және қаржылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел зұлым күйеуіне шыдап жүре береді? Кейбіріңізде «Неге ер адам емес, әйел кетуі керек?» деген сұрақ тууы мүмкін. Өйткені ер адамның үнемі озбырлыққа төзетін жәбірленушісі бар. Ал қай озбыр еркек өз еркімен одан бас тартады? Менің ойымша, егер әйел мұндай қарым-қатынасты үзбесе, бұл оған қалыпты екенін білдіреді. Әрине бұл ойыммен келіспеуіңіз де мүмкін. Дегенмен мұндай қатынастың әйелге ұнайды деп отырғаным жоқ. Сонымен, неге әйел мұндай күйеуінен ажырасып кетпейді?
Ольга Третьякова, психолог: «Егер біз әйелдердің құқықтық және әлеуметтік қорғалу аспектісін алып тастасақ және психологиялық себептер туралы айтатын болсақ, бұл әйел басқаша өмір сүруге болатынын ойламайды. Ол зорлық-зомбылықты сәтті жеңген әйелдердің мысалын көрмейді. Бізде зорлық-зомбылық құрбандары туралы көп айтылады, біз әйел шыдайтын жағдайларды көп көреміз, бірақ осы мәселеден құтылып, өмірін өзгерткен әйелдер туралы өте аз айтылады. Психологияда тірі қалған адамның тәжірибесі деген ұғым бар. Өкінішке қарай аман қалған адамның тәжірибесі өте аз. Көбінесе әйелдер өз анасының, әжесінің, туыстарының осындай өмір сүргенін көріп, демек тағдыр солай деген ойға келеді. Өкінішке қарай қоғамда зорлық-зомбылықтың белгілі бір қалпы бар.
Вадим Третьяков, психолог: «Әйел қандай адамға кезіксем, сонымен өмір сүруім керек деп ойлайды. Мұның тарихи тамыры бар, кезінде ер адамдар аз болды және еркексіз қалған әйелді біртүрлі деп қабылдады.
/>
Журналист: «Бірақ қазіргі жағдай ондай емес, қыздар мен жігіттердің саны теңесті десек те болады. Енді аналарымыз бен әжелеріміз сияқты өмір сүрмейтін уақыт келді ғой.»
Вадим Третьяков, психолог: «Психика – бұл өте инертті құрал және ол тез өзгере қоймайды. Өзгерту үшін уақыт пен тәжірибе қажет, балама идеялар керек. Мысалы, аман қалған адамның тәжірибесі. Көбі «Белгісіз тәжірибені жасағанша, жаман болса да шыдағанымыз жөн, әйтеуір бір күні жеңеміз» деп ойлайды.
Ольга Третьякова, психолог: «Көбінесе әйелдің мұндай өмір салтын әйелдердің өздері қолдайды, олар «шыдамды болыңыз, күйеуіңіз ақша тауып, асырап отыр ғой» деп айтады. Мұндай түсінік әйелді ештеңе өзгертпеуге көндіреді. Әйел өзінің психикасының және өзін қолдамайтын, керісінше, зорлыққа көндіретін ортаның инерциясын жеңуі керек. «Психологқа бармаңыз, олар жаман нәрсеге үйретеді» деген түсінік те өте көп кездеседі. Әйел терапияға келіп, өзгеру процесінде ол зорлық-зомбылықты анықтап, оны қамқорлық пен сүйіспеншілік емес, озбырлық деп атай бастайды, сондай кезде оны өзінің туыстары психологқа барғаны үшін жазғырады. Әйелдер көбіне «осыдан кейін күйеуім кешірім сұрайды немесе әйтеуір кінәсін түсінеді, жай ғана шыдау керек» деп өз-өзін жұбатады. Бұл шыдамдылық өліммен аяқталуы мүмкін екенін ешкім ойламайды. «Оның жұмысы қиын, ол ашуланшақ, ол осылай тәрбиеленген, ол мүлдем кінәлі емес» дейді. Бірақ әйелдердің ешқайсысы бір күні мұның арты өлімге апаратынын ойламайды.