Маңғыстаулық тұрғын Таушық ауылынан Ақтауға дейін жаяу жеткен. Ол 90 шақырымды бір күнде бағындырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрғынның айтуынша, Ақтауға жаяу шыққандағы мақсаты салауатты өмір салтын қалыптастырып, артық салмақтан арылу болған.
"Жолға жаяу шықпас бұрын үш күндей физикалық тұрғыдан дайындалдым. 7 шақырымдай жүгіріп, жаяу жүріп, кейін Қаратауға шығып, дене белсенділігімді арттырдым. Содан кейін таңғы 08.00-де Таушықтан жаяу жолға шықтым", - дейді Жүсіпжан Әлжанов.
Айтуынша, жол бойында ешқандай қиын болмаған, тек суы таусылып, шөлдеген.
"Жол бойындағы жолаушылар тоқтап, қал-жағдайымды сұрағандар көп болды. Суым таусылғанда, су беріп, көмектесіп, сәттілік тіледі. Тіпті, шетпелік достарым қолдап, олар да жарты жолдан жаяу жүруге қосылды. Мұның бәрі мені қуантты және жанашыр жандардың көп екенін көрсетті", - дейді тұрғын Жүсіпжан.
Осылайша ол Ақтауға жолға шыққан күні сағат 22.00 шамасында жеткен.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА