Пәкістан елі Исламабад қаласында таеквондодан ашық Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстандық спортшылар жарыста әртүрлі дәрежедегі сегіз медаль еншіледі: 2 алтын, 4 күміс және 2 қола.
Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен маңғыстаулық Эльдар Бірімбай 68 келіде күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Эльдар 28-30 қазан аралығында таеквондо WT-дан Сербия елі Белград қаласында өткен Serbia Open G-2 Халықаралық рейтингтік турнирінде қола жүлдегер атанған болатын. Осы Азия чемпионатында да керемет нәтиже көрсетті, спортшы үлкен үміт күттіреді», деді Қ.Бектілеу атындағы Маңғыстау облыстық таеквондо федерациясының
ересектер арасындағы аға жаттықтырушысы Қуанғали Дастанұлы.
Спортшы алғашқы үш кездесуінде Пәкістан және Иран елінің спортшыларын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалда да египеттік спортшыдан басым түсті. Ал ақтық сында ирандық спортшыға есе жіберген.
Ашық Азия чемпионаты 1-4 қараша аралығында өтті.